Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен танысты.
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ашылған нысан өңірдегі 20 этно-мәдени бірлестіктің бастамасымен салынған.
Кезінде жүргізілген солақай саясаттың салдарынан ата-бабалары Қазақстанға күштеп қоныстанған этностардың өсіп-өнген ұрпақтары бүгінгі бейбітшіл, берекелі заманға аман-есен жетуін, Қазақстандағы жергілікті халықтың бауырмалдығының нәтижесі деп біледі. Осыған орай өңіріміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың Қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы пен ақеділ шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті бой түзеген нысан ұлтымызға деген зор құрметтің белгісі деуге болады.
Өңірдегі этнос өкілдерінің қаржылай демеуімен бой көтерген монументтің биіктігі — 7,5 метр. Алдағы уақытта осы нысан елді берекелі бірлікке ұйыстыратын маңызды іс-шаралар өтетін еңселі ғимаратпен бірге оңтүстік жұртшылығының патриоттық алаңшасы ретінде ел игілігіне жұмыс істейтін болады.
Оңтүстіктегі осынау бірлігі жарасқан тірлікке риза болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы көп ұлтты мемлекетіміздегі этностар татулығы тәуелсіз Қазақстанның басты байлықтарының бірі екенін атап өтті.
Мұнан соң Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратын аралап көрді. Этно-мәдени бірлестіктердің қызметімен танысып, олар ұсынған «Бірлігіміз жарасқан» музыкалық композициясын тамашалады.
Облыстық бюджет есебінен жөнге келтірілген 3 қабатты нысанда «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің кеңселері, 800 орынға арналған көрермен залы бар. Сонымен бірге мұнда үрлі үйірмелер мен жексенбілік мектептердің тұрақты әрекет етуіне жағдай жасалған.
Алда бұл ғимаратта Оңтүстік жұртшылығын берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа үндейтін іс-шаралар мен форумдар, кездесулер, семинарлар, түрлі конкурстар және өзге де басқосулар ұйымдастырылып, мақсатты жұмыс жүргізілетін болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі