Пойызға билет: қайтару және жеңілдікпен алу

5316

Теміржол билеттерін сатып алғанда көптеген жеңілдіктер бар екенін ескермейтініміз рас. Жол жүру құжатын яғни, билетті кері қайта өткізгенде де ұтылып жатамыз. Ал пойыздан қалып қойғанда билет құны қайтарылатынын білесіз бе? Теміржол билеттеріне қатысты көптеген сауалдарға Шымкент учаскесі билет кассаларының меңгерушісі Назира Өмірбаева жауап береді.

Билеттің толық құнын қайтарады. Егер…

Теміржол көлігімен жолаушылар, жүк және жолжүктерін тасымалдау ережесіне сай билет 45 күн бұрын сатылады. Алған билетін пойыздың жүруіне 24 сағат қалғанға дейін өткізсе, онда билеттің құны толық қайтарылады. 55 теңге комиссиялық құн ұсталынады. Кейбіреулер «мен билетті кеше ғана алдым, бүгін ғана алдым» деп айтуы мүмкін. Бірақ жолаушының алған билеті жүру күнінен бастап есептелінеді. Егер 24 сағаттан кем болып, пойыздың жүруіне 6 сағат қалған жағдайда, плацкарт бағасының жартысы ғана ұсталынады. Билетте плацкарт бағасы және билет құны яғни, екіге бөлініп көрсетіледі. Пойыздың жүруіне 6 сағаттан да кем уақыт қалса, онда плацкарт бағасының толық бағасы ұсталынады да, билет құны ғана қайтарылады. Билет деп аталмайды, жол жүру құжаты деп аталады. Әр жол жүру билетінің тарифі бар.

Мәселен, билеттің құны 2 832 теңге делік. Бұл жол жүру құжатының жалпы сомасы. Мұның ішінде 250 теңге төсек жабдығының бағасы кіреді. Жалпы бағасы билет және плацкарттан тұрады. 1509 теңге билеттің құны, ал плацкарттың бағасы 1323 теңге. Егер қайтарып алатын жағдайда пойыз жүретін уақыттан 24 сағаттан кем болса, 1323 теңгенің жартысы ұсталынады.

Жолаушы билетті қайта өткізсе, оны басқа адамның атына рәсімдей алмайды. Пойыздың жүруіне 24 сағаттан кем уақыт қалғанда қайта рәсімдеуге болады. 24 сағаттан аз уақыт қалса, билет құны пайызын жоғалтады. Сатып алынған билетті плацкарттан купеге, болмаса купеден СВ вагондарына рәсімдей алады. Сондай-ақ, пойыз жүретін уақытысынан ертеректегі пойызға рәсімдей алады. Қайтарылған билеттер бірден базаға түсіп үлгермейді.

Пойыздан қалып кеткен жағдайда:

Мұндайда билет құны пойыз жүріп кеткеннен кейін 1 сағатқа дейін ғана қайтарылады. Плацкарт толық, яғни 40 пайызы ұсталынады да, билет құны қайтарылады, яғни 60 пайызын қайтарып алуына болады. Бұрын мұндай жағдайда 3 сағатқа дейін қайтаратын. Бүгінде 1 сағат деп есептелінетін болды. 2015 жылдың 30 тамызындағы Үкіметтің бекіткен теміржол көлігімен жолаушылар, жүк және жолжүктерін тасымалдау туралы №535-ші ережесі бар. Сол бойынша пойыз жүріп кеткеннен кейін 1 сағат аралығы болып белгіленген.

Билет бағасына түрлі жеңілдік

«Ардагер» дисконт картасы

Ұлы Отан соғысы ардагерлері 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жыл бойы тегін жүретін. ТМД бойынша. 2016 жылдың 1 мамырынан бастап ардагерлерге «Тұлпар Тальго» пойыздарына «Ардагер» дисконттық картасы берілді. 99 пайыз жеңілдігі бар. 1 пайызы яғни, төсек орынға ғана ұсталынады. Карта ардагерлерге тегін беріледі.

 

«Құрмет» дисконт картасы

2016 жылдан бастап 60 жастан асқан азаматтарға «Құрмет» атты дисконт картасы қолданысқа ендірілді. Бағасы 999 теңге тұрады. 30 пайыздық жеңілдік бар. Билет бағасы 10 мың теңге болса, дисконттық карта арқылы 7 мың теңгеге сатып алады. Бұл тек «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарына ғана пайдалануға арналған. Картаны активация жасағаннан кейін ғана жеңілдігімен бірге беріледі.

 

«Жастар» дисконт картасы

16-25 жас аралығындағы жастарға арналған «Жастар» картасы 999 теңге тұрады. 30 пайыз жеңілдігі бар. Студенттер көп пайдаланады.

 

 

«Қамқор» дисконт картасы

I-II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға картаның 50 пайыз жеңілдігі бар. Билет құны 10 мың теңге болса, 5 мың теңгеге алуға болады. Картаның құны – 200 теңге. Оның бәріне квитанция беріледі. Жүйеге салынған.

«Ардақты ана» дисконт картасы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне «Ардақты ана» атты дисконт картасы шығарылған. 30 пайыз жеңілдігі бар. Алтын құрсақты аналарға бұл көп көмек болары сөзсіз.

 

«ЭКСПО-2017» дисконт картасы

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында маусымның бірінен бастап «ЭКСПО» дисконт картасы шығарылды. Оның бағасы 9 999 теңге. Бұл 16 жастан асқандарға арналған. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. «Тұлпар Тальго» пойыздарына 15 пайыздық жеңілдік бар. Ең бастысы «ЭКСПО» көрмесіне тегін билет беріледі. Негізінде «ЭКСПО» билеті 8 мың теңге тұрса, осы дисконт картаны алғандарға тегін беріледі. Астанаға ғана емес ел ішіндегі барлық бағыттарға арналған.

 

Ескерту: Жеңілдіктердің барлығы да «Тұлпар Тальго» пойыздарына арналған. Дисконт карта бір ғана жолаушыға жарамды. Пайдалану мерзімі: 1 жыл. Картаға қосымша түбіртек беріледі. Аты-жөні банк картасындағы нөмір бойынша жазылады. Рәсімделгеннен кейін ғана күшіне енеді. Белгіленген уақытқа бір ай қалған кезде келіп, уақытын қайта ұзартуға болады. Ұзарту – тегін. Ал «Ардақты ана», «Қамқор» карталарының жарамдылық мерзімі: 49 жыл. Әр кассаның алдында жарнама ілінген. Касса қызметкері билет алушыға ұсыныс жасайды.

Шымкент теміржол вокзалында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 4 кассасы бар. Қалада басқа бөлімшелері жоқ. Манкент, Түлкібас, Састөбе стансаларында бар. Ал басқа кассаларда комиссионды қосымша қаражат қосылады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2014 жылдың 1 қазанынан бастап және 2014 жылдың 14 қарашасынан бастап мына бағыттарда қатынайтын №19/20 «Астана-Атырау», №87/88 «Ақтөбе-Астана», №79/80 «Астана-Шымкент», №77/78 «Алматы-Атырау», №49/50 «Алматы-Ақтөбе», сондай-ақ №89/90 «Астана-Қызылорда», №67/68 «Астана-Защита» (Өскемен), №69/70 Алматы-Защита (Өскемен), №35/36 «Алматы-Шымкент» пойыздарына тарифтерді (билет құнын) икемді басқару бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама тарифтердің (билет құнының) билеттердің (ерте, кеш) сатылуына қарай және оған деген сұранысқа (пойыздағы халық санына) байланысты өзгертілетіні есебімен жасалды. Егер жолаушы билетті ерте (алдын ала) сатып алатын болса, онда билетті негізгі құнынан 35%-ға дейін төмен бағаға сатып алады.

Жеңілдіктер:

– билеттер пойыз жөнелтілгенге дейін 8 тәуліктен 24 тәулік бұрын сатып алынған жағдайда – 15 % дейін;

– билеттер пойыз жөнелтілгенге дейін 25 тәуліктен 34 тәулік бұрын сатып алынған жағдайда – 25 % дейін;

– билеттер пойыз жөнелтілгенге дейін 35 тәуліктен 44 тәулік бұрын сатып алынған жағдайда – 35 % дейін жеңілдік жасалады.

Сондай-ақ пойыз жөнелтілетін күні сұраныс артқан жағдайда, билет құны да өседі.

ЕСКЕРТУ: Жеңілдіктердің барлығы да тек «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызына арналған. Өзге пойыздардың бағасы басқа болғанымен тұрақты. Ал «Тұлпар-Тальго» пойыздарының бағасы тұрақты емес. 35-40 күн бұрын билет сатып алсаңыз жеңілдікпен алуыңыз мүмкін. Бірақ пойыз жүретін уақытқа жақын қалғанда бағасы қымбаттап кетуі де кәдік. Одан бөлек мереке күндері, халық тығыз қоныстанған өңірлерде билет құны қымбаттайды.

Шымкент теміржол вокзалы кассасының тел:  105, 95-44-50

«ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ электронды билет сату ресурсының сайты: epay.railways.kz

Гүлжан ЖҰМАШ