Шымкентте 5 сәуірде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Ұйымдастырушы Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы іс-шараға өзіміздің облысымыздан бөлек Солтүстік өңірлердің жұмыс берушілері де қатысатынын айтады. Айта кететін жайт, қатысушы мекемелер мен ұйымдар өз жұмысы жайлы шағын көрме ұйымдастырады деп күтілуде.
Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығында адам көп. Мұндағы мамандар жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтарға қолдау көрсетуде. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері өз мамандықтары бойынша жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында мекемелер ұсынған бос орындарға жолдама алуда. Оларға Жадыра кеңес беруге тырысады. Өйткені заңгер мамандығы иегерінің өзі жастар практикасы бағдарламасы бойынша жолдаманы осы орталыққа алған. Жұмысқа орналасқан бойжеткен енді өзгелерге де көмектесуге ынталы.
Азаматтарға қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында бұл орталықта электронды кезек жүйесі енгізілген. Ғаламтор, мобильді қосымша арқылы арқылы республикадағы бос орындар жайлы мәлімет алуға әбден болады.
Мұнда орталықтың көмегіне жүгінген азаматтардың барлығына дерлік қолдау көрсетуге дайын. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппағандар техникалық және қысқа мерзімді оқытуға қабылданады. Және мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікпен айналысуға да жағдай жасалған. Осы күнге дейін 300-ге тарта өтініш түсіпті. Жұмыс іздеген азаматтарға орталық тарапынан үнемі бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрады.
Сонымен, егер бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде қалауыңыз бойынша жұмыс таппасаңыз, Шымкент қаласы, Төлеби көшесі, №26 ғимаратта орналасқан халықты жұмыспен қамту орталығына келіңіз.