Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту 2018 жылы аяқталады

551
Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту 2018 жылы аяқталады

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев арнайы іс-сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Ведомство басшысы мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ең алдымен Шымкент мұнай өңдеу зауытына ат басын бұрып, мұндағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

«ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығы министрге жобаның бірінші кезеңі бойынша атқарылған механикалық жұмыстардың аяқталып, екінші кезең нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесі туралы баяндады. Бүгінде «Петро Қазақстан» мұнай өңдеу зауытындағы құрылыс жұмыстарына 4 мыңға жуық маман тартылған. Оның бір мыңға жуығы — қазақстандық мамандар.

Еске сала кетейік, бүгінде еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауытында жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биылғы екінші жарты жылдықта Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі 2018 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланып отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту 2018 жылы аяқталады

— Әрине, үш зауытты жаңарту жұмыстарына қыруар қаржы бөлініп отыр. Яғни, жаңғырту несие ресурстарын тарту және аталған зауыттардың өз қаржысы есебінен жүргізілуде. Жалпы жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталса, еліміздегі бензин сапасы жақсарып, дизель және керосин өнімдерінің бағасы тұрақтанатын болады. Ең бастысы — 2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылып, еуразиялық одақтың талаптарына сай өнім өндіре бастаймыз, — деді министр Қанат Бозымбаев.

Министрдің қатысумен өткен арнайы жиында  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпорын басшылығындағы қытайлық инвесторларға ең өзекті екі мәселеге назар аударуды ескертті.

— «Петро Қазақстан» мұнай өңдеу зауыты облысымыздағы ең ірі салық төлеуші кәсіпорынның біріне айналып отыр. Аталған кәсіпорында жергілікті жұмысшылардың үлесі көбірек болуы керек. Яғни жергілікті мамандарды жұмыспен қамту мақсатында қажетті кәсіптік-техникалық  мамандарды даярлау мәселесіне көңіл бөлуге кеңес берер едім. Ол үшін облыс орталығындағы кәсіптік техникалық мамандандырылған колледжді өз қамқорлықтарыңызға алып, жұмыс жасағандарыңыз дұрыс. Сондай-ақ жергілікті жұмысшыларды тәжірибе алмасу мақсатында шетелге жіберу ісін жолға қойған абзал, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Биыл екінші жарты жылдықта Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталады. Содан кейін елімізде Евро-4, Евро-5 стандарттарына сай жанармай мен дизель отыны шығарыла бастайды.

Мұнан соң энергетика министрі бастаған жұмысшы топ Шымкент қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы пайдалануға берілген, қуаты 160 гкал/сағат болатын қазандықты аралап көрді. Қазандық бүгінде әкімшілік іскерлік орталығындағы 38 көпқабатты үйді және 6 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр. 2015 жылы пайдалануға берілген қазандық газбен жылытылады. Нысанның құрылысына 3,4 млрд теңге жұмсалған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі