Шымкенттегі Төреқұлов көшесінің ені кеңейеді. Бұған дейінгі 9 метрлік көше қайта құрудан кейін 27 метр болады. Айта кету керек, бұл көшені кеңейту барысында бірнеше ондаған нысан бұзылатын болады. Жалпы, құрылыс көшенің қай бөлігінде жүреді?
Ұзындығы екі шақырым 200 метрді құрайтын көшені кеңейту барысында 35 нысан бұзылады. Құрылыс иелеріне өтемақы төленіп, келісім-шарт түзіліпті. Ал кесілген ағаштарды қалпына келтіру мердігердің мойнында. Бізге белгілісі — жол бойында өсіп тұрған 16 терек, 12 қылқан жапырақты тал және 11 қарағаш қырқылады екен.
«Біздің келісім-шарт бойынша кесілген барлық тал-дарақтың орнына басқасын егіп береміз. Талдарды кеспесек, жолды кеңейту мүмкін болмай отыр.»
Жол құрылысына қала бюджетінен 576 млн теңге бөлінген. Мердігер «Шымкент жолдары» ЖШС соның 471 млн теңгесін жыл соңына дейін игерулері тиіс.
Ерлан Есіркепов: «Құрылыстың Қазыбек би көшесінен бастау алған себебі, мұндағы қозғалыс жиілігі көп.»
Төреқұлов көшесінен кейін шаһар басшылары Түркістан және Адырбеков көшелерін кеңейтпек. Бұған қоса Қонаев даңғылын ұзартумен айналысуды да жоспарлап қойыпты.
Нұрлан Күдерұлы