Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталады

402

«Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту және қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, сырттан келетін жанар-жағармайға тәуелдігіміз жойылады. Өз-өзімізді бензинмен толықтай қамтамасыз етеміз».

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың Оңтүстікке жұмыс сапары барысында айтқан түйін сөзі осы болды. Министр ең алдымен Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бірінші және екінші кезеңнің нысандарын көрді.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құрылымдау жобасы аясында барлығы 11 технологиялық қондырғыны және жалпы зауыт шаруашылығының 29 нысанын салу мен қалпына келтіру қарастырылған.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауыты

Қазір жылына 4,5 млн тонна мұнай өңдейді

2015 жылы

  • 988 мың т автомобиль бензині
  • 1 192 мың т дизель отын
  • 254 мың т авиаотын

2016 жылы

  • 1 032 мың т автомобиль бензині
  • 1 203 мың т дизель отын
  • 236 мың т авиаотын

Жаңғырту және қайта құрылымдау жобасы аяқталғаннан кейін (2018 жылдың II жартыжылдығынан бастап)

Жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді

  • 2 270 мың т автомобиль бензині (К4, К5 экологиялық санаттағы жоғары октанды)
  • 1 916 мың т дизель отын
  • 400 мың т авиаотын

Жоба құрылысына жұмсалатын қаржы – 1,628 млн АҚШ $

Қазір жобаның бірінші кезеңі бойынша нысандардың механикалық жұмыстары аяқталды. Бірінші кезеңнің ең ірі технологиялық нысаны – шикізатты алдын ала гидротазалайтын блогы бар жеңіл бензин фракция-ларын изомерлеу қондырғысы. Оның да механикалық жұмыстары 31 наурызда аяқталып, қазір қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың шілдесінен бастап пайдалануға беру көзделген.

Сол кезден бастап К4, К5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензиндер мен дизель отыны алынады. Жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 460 мың тоннаға, дизель отынын өндіру жылына 226 мың тоннаға, авиаотынды өндіру жылына 27 мың тоннаға артады.

Бұған қоса, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жобасының екінші кезеңінің аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде.

Жобаның екінші кезеңі зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 5,25 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін арттыруға және шикізатты өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған.

Жобаның екінші кезеңі технологиялық тұрғыдан күрделі. Өйткені жоғары октанды моторлы отындар алатын, қуаты жылына 2,0 млн тонна мұнайды терең өңдейтін каталитикалық крекинг қондырғысы кешенін салуды қарастырады. Екінші кезеңі аяқталса, зауытта жоғары октанды бензиндерді өндіру жылына 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отынын өндіру жылына 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотынды өндіру жылына 400 мың тоннаға дейін, ал зауыт өнімдерінің ҚР нарығындағы үлесі 35%-ға дейін артады.

Жоба бойынша бас мердігер жұмыстарын мұнайгаз өнеркәсібі саласында инжинирингтік және құрылыс жұмыстарымен айналысатын ірі компаниялардың бірі – СРЕСС (China Petroleum Engineering & Construction Corporation) компаниясы орындауда.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құрылымдау жобасы 2018 жылдың бірінші жартысында аяқталады деп жоспарланған.

Болат Әбдуәлиев, инжиниринг бойынша менеджер:

– Бірінші кезеңде салынған қондырғылардың негізгі үшеуі ретінде күкірт өндіру, дизель отынын гидротазалау және бензин фракцияларын изомерлеу қондырғыларын айтуға болады. Бұдан бөлек бензинді цистерналарға нүктелі құю қондырғысы. Бұл өте тиімді. Құйған кезде булары ауаға шықпайды, сорып алып, қайта құйылады. Экономикалық және экологиялық тұрғыдан жақсы жақтары бар. Ал, изомерлеу қондырғысынан өткен бензиннің октанды саны көбейеді. Экологиялық жағынан тазарады. Қондырғының жылына 600 мың тонна изомерленген бензин өңдеуге қауқары жетеді.

«Еуразиялық экономикалық одақтың Техникалық регламентіне сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан К4, К5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензиндер мен дизель отынды пайдалануға өтеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында бірінші кезеңін аяқтайсыздар. Келесі жылдың наурыз айында екінші кезеңнің механикалық жұмыстарын, ал маусымның соңында толықтай бітіресіздер», — деді министр Бозымбаев арнайы жиында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мұнай-газ өңдеу жөніндегі аға вице-президенті Данияр Тиесовке.

– Жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталса, еліміздегі бензин сапасы жақсарып, дизель және керосин өнімдерінің бағасы тұрақтанады. Ең бастысы — 2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылып, еуразиялық одақтың талаптарына сай өнім өндіре бастаймыз. Артық 2 млн бензинді Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанға экспорттаймыз, — дейді министр.
Оның сөзінше , қазір Қазақстанның ішкі нарығына қажетті бензиннің 30 пайызы Ресейден тасымалданады. Қалған 70 пайызын біздің үш зауыт шығарып жатыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы жанармай бағасына әсер етеді.

Министрдің қатысумен өткен арнайы  жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпорын басшылығындағы қытайлық инвесторларға ең өзекті екі мәселеге назар аударуды сұрады. «Зауыттың басшылық және инженерлік-техникалық кадрларын қазақстандық мамандармен толықтыру аса маңызды. Сондықтан да мұнай өңдеу зауытындағы біздің жұмысшылардың санын арттыру мен жергілікті кадрларды дайындау өзекті болып отыр. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын»,-деді Түймебаев.

Айта кетсек, Шымкент мұнай өңдеу зауыты 1985 жылы салынған және еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының ішінде жаңасы саналады. Зауыттың шикізат өңдеу бойынша жобалық қуаты жылына 5,25 млн тонна. Зауыт Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты өндіретін мұнай өнімдерінің жалпы жылдық көлемінің 30%-ын өндіреді. Зауыт акцияларының 50%-ы «ҚазМұнайГаз» АҚ-на, 50%-ы CNPC компаниясына тиесілі.

Жәнібек НҰРЫШ

Суреттерді түсірген: Самат МЫРЗАЛИЕВ