№17 мектептің түлектері білім ұяларымен қоштасты

25 мамыр, әсіресе, бітіруші түлектер үшін ерекше. Білім және ғылым министірлігінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 11-сыныпты 131 мыңға жуық түлек бітіреді, оның ішінде 33 112 оқушы – Оңтүстіктің түлегі. Осы орайда Шымкенттегі №17 мектептен 30 түлек болашаққа қадам басты, оның алтауы алтын белгіден үміткер.

Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау. Бүгін тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Әсері көптен көңілден кетпейтін 25 мамыр – соңғы қоңырау күнін №17 мектеп оқушылары тойлауға жиналды. Тардай болып кірген 169 1 сынып оқушысы 2 сыныпқа ауысса, 30 түлек болашаққа қадам баспақ.

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған шәкірттер алтын ұяларымен қоштасып жатыр, ал оларды үлкен өмірге ата-аналары, ұстаздары мен төменгі сынып оқушылары шығарып салуда.

Ал түлектердің өздері алабұртып жүр. Бұл күнді біреулер қуана күтсе, екіншілері алтын ұя – мектебімен қимастықпен қоштасуда. Салтанатты шарада ән мен би де ұмыт қалмады.

№17 мектептің түлектері білім ұяларымен қоштасты

Білімді шәкірттерге ұстаздардың сенімі кәміл. Енді тек алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, 11 жылғы білімінің нәтижесін көрсету қалды. Ал биылғы алтын белгіге үміткер түлектер оқу жылының озаттарына «Алтын кілттерді» сән-салтанатымен тапсырды.

Мерекелік шара соңында оқу жылында мектеп өміріне қосқан үлестері үшін үздік ұстаздар марапатталды. Ал ата-аналар осы сәтті пайдаланып, барша түлектерге өздерінің ақ тілектерін арнады.

Ұшты ұядан, қалды артта тәтті сезім, бала шақ. Алыстарға шақырады, шақырады болашақ дей келе, Отырар телеарнасының ұжыма айтылған барша тілектерге қосылып, түлектерге алған асуларыңыз, бағындырған белестеріңіз көп болсын дейміз!

Әлия Әділбек