Ұлы Жеңістің 72 жылдығы еліміздің әр түкпірінде тойланып өткені белгілі. Мерейі асқақ мерекені дәстүрге сай атап өткен елдімекендердің бірі — Мақтаарал ауданы. Сұрапыл соғыс аталмыш мекеннен аттанған 10 мыңдай сарбаздың өмірін жалмаған. Майданда мерт болған бұл батыр азаматтардың есімдерін бүгінгі ұрпағы ұлықтап, ерліктерін мақтан тұтады.
Мақтааралдан аттанған сарбаздардың 12-сі Ұлы Отан соғысы батыры атағын алған. Солардың бірі — Атамұра ауылының мақтанышы Жолдыбай Нұрлыбаев. 1975 жылы соғыс алаңында ерлікпен қаза тапқан батырға арнап алып ескерткіш тұрғызылған. Жанындағы мүсіндер матрос, танкист және ұшқыш майдангерлерге арналады.
Тұрғындар ауылдың басты көрнекілігіне айналған ескерткіш жанында жыл сайын бас қосып, соғыс құрбандарын еске алу кешін өткізеді. Биылғы жиында да сұрапыл жылдарға шолу жасалып, ауыл жастары өнерлерін ортаға салды.
Пердеш Есенбеков, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Адамзат тарихындағы екінші жаһандық алапат соғыста кейбір деректерде 50 млн жуық адам шейіт болған дейді. Сол Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанса, облыс бойынша 140 мыңнан астам адам қатысыпты. Ал іріленген Мақтаарал ауданынан, Ильичтегі әскери комиссариаттан Сырдария теміржол вокзалы арқылы вагон-вагонмен 13 мыңға жуық азаматтар аттанған. Алайда, бұл дерек нақты болмауы мүмкін. Мырзашөлдің қарашаңырағы Мақтарал совхозынан кейін құрылған Ленин атындағы колхоздан сол сұрапыл соғысқа мыңнан астам азаматтар аттанып, ел қорғауға қатысты (Ол бұрын 10 колхоз болған екен). Ауылдан аттанып, қайтпаған боздақтар саны — 672. Соғысқа барып, аман-есен елге оралғандары 200-ге жетер жетпес».
Бір ғана ауылдың өзінен соғысқа 18 бен 40 жас арасындағы 1000 азамат аттанып, тылдың ауыр еңбегі соңдарындағы әйелдер мен балаларға қалған екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл аймақта көзі тірі бірде-бір ардагер қалмаған. Есесіне, соғыстың суық ызғары тылда қара тер төккен ардагерлер жадында. Солардың бірі — биыл мерейлі 95-ке келген Артық апа. Дүйім ел анасына айналған әжейді ауыл тұрғындары ерекше жақсы көреді.
Артық Битөреева, тыл ардагері: «Соғыс жылдары адам айтқысыз ауыр жылдар болды. Күнімен егістік басында талмай еңбек етіп, түнімен шұлық тоқыдық. Оларды майданға жіберетінбіз. Жоқшылықтың азабын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауылды екінші айдан деп атадық. Мұның бәрі бүгінгі ұрпақтың азат өмір сүруі үшін. Енді ешқашан соғыс болмай, тек бейбітшілік заман болсын деп тіледім. Ұрпақтарымыз өссін, өнсін, еліміз өркендей берсін!»
Аласапыранға аттанған екі бірдей ұлын соңғы демі қалғанша, 51 жыл бойы күткен ананың жайын ел-жұрт жақсы біледі. Қан майданнан қайта оралмаған өзге де боздақтар қаншама?! Алайда, хабарсыз кеткен бабалардан бір белгі күтетін отбасылар әлі күнге дейін ақ үміттерін үкілеп отыр. Ал елге аман оралған сарбаздар саны 170-тей. Міне, солардың есімдерін тасқа қашап жаздырмақ ниетті азаматтар мұндай игі істі өздеріне борыш санайды. Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған шараны да ауыл халқы жұмылып, өз күштерімен атқарып отыр.
Ибадулла Умбетаев, Мақта шаруашылығы ғылыми институтының директоры: «Ұлы мейрам біздің ауылдық округте жыл сайын тойланып өтеді. Оған округтен шыққан іскер азаматтар арқау болып жүр. Басты мақсатымыз — жастарға ата-баба ерлігін, мұрасын жеткізу. Осылайша, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Болашақта еліне қамқор, қорған болып өссе екен дейміз.»
Игі шарада қан майданда қаза болған боздақтарды еске алу үшін үнсіздік жарияланды, еліміздің әнұраны орындалды. Ауылға еңбегі сіңген азаматтар марапатталды.
Бір ғана ауылдың тарихынан Ұлы Жеңістің бағасын ұғынуға болады. Сұрапыл жылдар ешбір елдімекенді айналып өтпегені анық. Азаматын жоғалтпаған бірде-бір отбасы жоқ. Ал мына қабырғалар ұрыс алаңынан оралмаған қайрандар жайлы сыр шертеді. Атамұра төрінде оқылған құран олармен қатар, ұрыста мерт болған ұлы даланың барша батырларына бағышталды.