Депутаттар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті талқылады

582
Депутаттар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті талқылады

Облыс мәслихатының тұрақты комиссияларының мәжілісі өтуде. Депутаттар облыс әкімдігі тарапынан ұсынылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау туралы мәселені жан-жақты талқылады. Әлеуметтік нысандарды жеке кәсіпкерлердің басқаруына беру мақсатында өңірімізде бес жоба жүзеге асырылмақ.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – бұл мемлекет пен жеке бизнес арасындағы қоғамдық маңызы бар жобаларды тиімді жолмен жүзеге асыру. Әлеуметтік нысандарды жеке кәсіпкерлердің басқаруына беру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан былтыр 5 жобаның құжаттары рәсімделіп, биыл сәуірде конкурс та өткен еді. Нәтижесінде 5 жеке әріптес белгілі болды.

Исмаил Шалабаев, қаржы басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта 320 орынды балабақша салу. Жобаның құны – 974 млн теңге. Балақшаны «Атамекен» корпорациясы салады. Бәйдібек ауданындағы Бөген ауыл округіне қарасты Шалдар ауылындағы 140 орынды балабақшаның құрысылын «Қаракөл» ЖШС, ал Шымкент қаласы Қайтпас-1 шағынауданындағы емхананың құрылысын «Турахмет» мекемесі жүргізеді. Құны – 3 млрд. 177 млн. теңге.»

Айта кететін жайт, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң 2015 қабылданып, ережесі де бекітілген. Осыған байланысты 4 кодекске өзгертулер де енгізілген болатын. Мысалы, бюджет кодексіне сәйкес жеңімпаз кәсіпкерлермен келісім-шартқа тұру үшін және олардың шығындарын өтеу мақсатында облыс әкімдігі мемлекеттік міндеттеме қабылдауы тиіс. Осы жоба мәжілісте жан-жақты талқыланды.

Тұрақты комиссиялардың мәжілісіне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріпстестік негізінде кәсіпкерлер тек балабақша, емхана ғана емес, колледж ғимараттары және каналдардың құрылысын жүргізуге де ниет білдіре алады.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Өте тиімді. Бюджеттің қаржысы тиімді пайдаланылады, бизнеске де ұтымды.»

Депутаттардың қарауына жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізімі ұсынылды. Жоғарыда аталған бес жобадан бөлек 7 жоба Сайрам ауданында 3 балабақшаның құрылысы, Сарыағаш ауданында және Арыс, Кентау мен Түркістан қалаларында бір балабақшадан салынады деп жоспарлануда. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ісі жүйеге қойылса, елдімекендерде халықтың игілігіне көптеген нысан бой көтереді. Бұл – оңтүстікқазақстандықтардың әл ауқатын жақсартуға жасалған игі жоба.