Төлебилік кәсіпкерлердің тәттісінен енді Экспо-2017 халықаралық көрмесіне келген шетелдік қонақтар дәм тата алады. Олай дейтініміз, Оңтүстіктен Астана қаласына айына 30-35 тонна балмұздақ жөнелтіледі.
Жылына 3 мың тонна өнім өндіріп келген кәсіпорын тауарларына биыл едәуір сұраныс артып отыр. Қыркүйек айына дейін Елордаға бас-аяғы 145 тонна тәтті жөнелтеміз дейді кәсіпкерлер. Жиырма жылдық тәжірибесі бар серіктестікте бүгінде балмұздақтың 100-ден аса түрі дайындалуда. Көрмені тамашалауға келген жұртшылыққа тәттінің сіз бен біз әлі дәмін татып көрмеген түрлері ұсынылатын болады.
Айдана Медетова, технолог: «Балмұздақтың 10-15 түрін шығарамыз деп отырмыз. Жаңа желілер іске қосылады. Жұмыс күші үш есеге артып отыр.»
Көрме ұйымдастырушылары таңдауының бұл кәсіпорынға түсуі жайдан-жай емес. Жиырма жылдық тәжірибесі бар серіктестік балмұздақтары тiл үйiрер дәмiмен талайларды тамсандырып үлгерген. Елiмiздiң бiрнеше облысының нарығын жаулаған төлебилiктердің тауарына көршілес Қырғызстаннан да сұраныс бар.
Баршынай Ниязова мұнда кәсіпорын ашылған алғашқы жылдардан бастап жұмыс істейді. Еңбекке еп-септі кейіпкеріміз мұқияттылық пен гигиена талаптарын қатаң сақтау маңызды дейді.
Тәулігіне 10 тоннадан аса өнім дайындауға қуатты кәсіпорында бүгінде 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істеп жатыр. Осы маусымда тағы бірнеше бағытты іске қосуды жоспарлап отырған кәсіпкерлер алдағы уақытта шоколад өнімдерін шығаруды да қолға аламыз дейді.
Мақпал Рысбаева