Көп қабатты ғимараттың ішінде кенеттен өрт шығып, жер сілкінді. Бұл — қаладағы кезекті оқу-жаттығудың сценариі болатын.
Шымкент қалалық әкімдігінде азаматтық қорғаныстың оқу-жаттығуы осылай өтті. Дабыл қағыла салысымен-ақ әкімдік қызметкерлері далаға шыға бастады. Олар ауладағы қауіпсіз жерге жинала бастады. Бұдан кейін ғимаратқа құтқарушылар кіріп, іште қалғандарды іздестіре бастады.
Осылайша ғимараттан өз бетімен шыға алмағандарды арнайы қызметкерлер қауіпсіз жерге алып шықты. Жарақат алғандарына осында алғашқы көмек көрсетіліп, одан кейін ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, бұл оқу-жаттығу жақсы деңгейде өтті.
Мұндағы мақсат — қауіпсіздік шараларына қатысты халықтың сауатын арттыру дейді ұйымдастырушылар. Бүгінгі оқу-жаттығуға әкімдіктің жауапты мамандарымен қоса апаты медицинасы қызметі мен құтқару жасақтары да қатысты. Мұндай іс-шаралар, ең алдымен, кез келген сәтте болуы мүмкін төтенше жағдайдан сақтану үшін қажет. Олардың ішінде ең қауіптісі — жер сілкінісі.
Айта кетейік, бұл жолғы азаматтық қорғаныс оқу-жаттығуына 9 арнайы техника мен 100-ден астам адам қатысты. Араларында альпинистер мен құтқарушылар да бар.