Шымкентте өз баласын ұрған әке ұсталды. Оны полицейлер тұтқындаған. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазір күдікті қамауда жатыр.
Еске салайық, 25 мамыр күні әлеуметтік желілерде тараған видео желі қолданушыларын шошытып тастады. Онда белгісіз азамат 4-5 жасар баланы сабап жатыр. Жай ғана сабамай, көлік шиналарының ортасына тығып, күректің сабымен ұруда. Бұл фактіні сол күні-ақ полицейлер тіркеп, қылмысты кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша іс қозғаған болатын.
Енді, міне, 27 мамыр күні Еңбекші полиция бөлімінің қызметкерлері іздеу барысында бейнероликтері азаматты тапты. 1968 жылы туған күдікті баланың әкесі болып шықты. Қазір ұсталған азамат Еңбекші полиция бөліміне жеткізілген.
Қазір онымен тергеушілер жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Баланы ұру фактісі бойынша бірнеше сараптама тағайындалды. Арасында сот-медициналық тексеру де бар. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.