Кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов қолында баласы бар әкені соққыға жықты

2380

Шымкенттен шыққан кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов сынның ортасында қалды. Әлеуметтік желілерде спортшының ойын-сауық орталығындағы тамақтану орнында қолында кішкентай баласы бар ер адамды соққыға жыққан сәтінің видеосы тарады. Оқиға Астана қаласында болған.

Бейбіт Шүменов ер кісінің қасына келіп, әлденені өзара шешпек болады. Алайда артынша спортшы қолында баласы бар әкені соққыға жығады. Ер кісі де есесін қайтаруға тырысып, тіпті қолына үстел үстіндегі белгісіз затты алғанын көруге болады. Оларды тамақтану орнындағы қызметкерлер мен қонақтар ажыратуға тырысады. Бірақ спортшыны райынан қайтару оңай соқпаған.

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, полиция қызметкерлері бұл оқиға бойынша қылмыс құрамы болмады деп істі тоқтатқан көрінеді.

Шулы видеоға қатысты боксшының өзі пікір білдіріп, ол туралы Instagram парақшасында жазды. Оның мәліметінше, сол күні оның 8 жасар баласы балалар алаңында ойнап жүрген. Алайда оның ұлын белгісіз бала арқасынан ұра бастаған. Бұны түсінбеген спортшының ұлы ол баладан ары кетіп, әрмен қарай ойынын жалғастырған. Бірақ араға бірнеше минут салып әлгі бала боксшының ұлына қайта келіп, ұруға тырысқан екен. Алайда Бейбіт Шүменовтің ұлы өзін ұрған баладан қашып құтылуға ұмтылған. Осы сәтте әлгі баланы видеода соққыға жығылған ер адам алып кетіпті. Спортшының ұлы болған жағдайды әкесіне айтып берген. Тіпті қызарған және жырылған арқасын көрсеткен.

Мән-жайды анықтамақ болған Бейбіт Шүменов «Менің ұлымды ұрған сенің балаң ба?» деп сұрағанында әлі ер адам: «Иә, ұрды. Несі бар екен? Сен маған не істей аласың?» деп агрессиялы түрде жауап қайтарған көрінеді.

«Ұлым бос уақытын қызықты өткізіп, демалсын деп қоғамдық орынға алып бардым. Алғашында ол адамның жауабына қатты таң қалдым. Кейін ашуға булықтым. Оның мойнын ұстап: «Сен не айтып тұрсың? Қалай-қалай сөйлейсің?» дедім. Сол кезде ол үстел үстінен бір затты алып, маған шабуылдай бастады. Қолындағысы пышақ емес екенін байқаған ол сол қолына баласын алып, оны қорғаныш қалқаны ретінде қолданды. Оң қолына пышақ алып, ішіме бағыттады. Мен дер кезінде қорғанып үлгердім» деп жазды кәсіпқой боксшы.

Кейін ер адам пышақты қойып, қолына баласын алыпты. Спортшы өзіне пышақпен шабуыл жасалған кезде қатты ашуға булыққанын, әке ретінде ұлын ғана емес, өзін де қорғау керек болғанын алға тартты.

«Сіздер расымен де балалы еркекті аяп отырсыздар ма? Сіздерде ол баласын неге аямайды? Неге  ұлын қорғаныш қалқаны ретінде пайдаланды деген сұрақ туындамай ма?… Мен кәсіпқой спортшымын, қайда соққы жасап отырғанымды білемін. Соққыларым балаға тиген жоқ» деп қосты ол.

Осы сәтте оқиға орнына полицейлер келіп, оларды полиция бөліміне алып кетіпті. Бейбіт Шүменов ұлын ұрған баланың анасы өзінен, әйелінен және ұлынан кешірім сұрағанын жазды. Оның айтуынша, әлгі бала аутизммен ауыратындықтан адамдарды еш себепсіз ұрып, тепкілейтін көрінеді. Оны естіген спортшы қатты жаны ашып, балаға денсаулық тілегенін атап өтті.

Бейбіт Шүменовтің жазуынша, соққыға жығылған ер адам зардап шекпеген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша оның денсаулығына орташа да, жеңіл де зиян келмеген. Ал оның қолындағы бүлдіршін боксшының ұлын ұрды делінген баласы емес, кейінгісі екен.

«Қазіргі таңда конфликт шешілді. Мені қаралағысы келетін мүдделі адамдарды лас интригалар мен ақ немесе қара пиарға қызықпайтынымды сендіргім келеді. Мен үшін бірінші кезекте адам боп қалу маңызды»,-делінген жазбада.