Оңтүстікте 16 жаңа су қоймасы салынады

783
Оңтүстікте 16 жаңа су қоймасы салынады

Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жаңа су қоймасы салынатын болды. Сондай-ақ, тасқын суға қарсы 70 нысанда инженерлік жұмыс іске асырылады.

Аталған жоба жүзеге асқанда 320 млн текше метр топан су қабылдап, 17 мың гектар жерді суғаруға мүмкіндік туады. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің селекторлық отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Оңтүстікте 16 жаңа су қоймасы салынады

— Биылғы дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде атқарылуына байланысты өңір топан судан зардап шеккен жоқ. Алайда мәселені зерттеп-зерделегенімізде жыл сайын 2 млрд текше метр судың ағып кететіндігіне көз жеткіздік. Ауыл шаруашылығына бейімделген және жаз айларында су тапшылығына ұрынатын аймақта көктемгі тасқын суды тиімді мақсатқа пайдалану ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан облыстың аумағында әзірге 16 шағын су қоймасын салып, суармалы егістік алқаптарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аталған нысандар аймақты тасқын судан қорғап, егіншілікті дамытуға тікелей септігін тигізетін болады. Енді бюджеттен қосымша 250 млн теңге қаржы қарап, тағы да тоғандар мен су қоймаларын салу үшін тиісті жобалау, жоспарлау жұмыстарын жүргіземіз, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан. Оның ішінде 20-сы республикалық, 13-і облыстық, 4-еуі аудандық коммуналдық меншігінде. Ал алтауы жеке меншікке берілген. Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Тоғыс, Сасықбұлақ, Ақылбексай су қоймаларында 984,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-2019 жылдары 11,1 млрд. теңгеге Шардара, Таушаға, Досан-Қарабас және Бөген су қоймалары күрделі жөнделетін болады. Ал облыстық ауыл шаруашылық басқармасы коммуналдық меншіктегі 4 су қоймасында (Ақсумбе, Бақырлы, Ащы, Текесу) облыстық бюджет есебінен 384,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізеді.

Бұдан бөлек Түркістан қаласында 1,7 млн текше метрге арналған «Қарашық» су қоймасының құрылысын бастап, жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі