Оңтүстікте 20 маусым күні 4278 түлек ҰБТ тапсырды

540
Оңтүстікте 20 маусым күні 4278 түлек ҰБТ тапсырды

Оңтүстік Қазақстан облысында ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні Шымкент қаласы мен Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Бəйдібек, Қазығұрт аудандарының түлектері тест тапсырды.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 32964 түлек оқуын аяқтаса, оның 21668-і жоғары оқу орнына түсу үшін сынақ тапсыруға ниет білдірген. Яғни, 78,2 пайызы. Соның ішінде бүгін 4278 түлек сынақ тапсырып отыр. ҰБТ 20-26 маусым аралығында 4 лекте өткізілетін болады.

Биыл түлектер жаңартылған форматта сынақ тапсыруда. Оқушылар 5 пән бойынша 120 сұраққа жауап беруі тиіс. Олардың ішінде 3 негізгі пән болса, тағы екеуін оқушының өзі таңдауға құқылы.

Жалпы облыстағы ұлттық бірыңғай тестілеудің 16 пункті барлық талаптарға сай жабдықталған. Олардың төртеуі жоғары оқу орындарының базасында болса, үшеуі аудан орталықтарындағы колледж базасында, ал тоғызы жалпы орта мектептерінде орналасқан.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін әр пунктте 10-14 аудитория даярланған, тестілеу пункттері ұялы телефон сигналдарын тұншықтырын 222 құралмен жабдықталған. Биыл министрліктің тапсырмасына сәйкес жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі 126 «тұншықтырғыш» сатып алынды.

Сонымен қатар тестілеу пункттерінде рамалы 25 металіздегіш, 207 салқындатқыш, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 70 бейнетіркегіш орналастырылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі