Шаруалар депутаттарға несие алудағы кедергілер туралы айтып берді

446

Облыс мәслихатындағы аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі комиссиясының көшпелі мәжілісі Сайрам және Төлеби аудандарында өтті. Алдағы сессияда өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы қаралатындықтан, халық қалаулылары шаруашылықтардың жұмысымен танысып, саладағы күрделіліктерді айқындап алды. Айта кететін жайт, жиынға арнайы шақырылған сала басшысынан бастап несие ұйымдарының жетекшілері кәсіпкерлікті дамытуға бөгет болған тұстарды шаруалардың өздерінен естіді.

Облыс мәслихатының аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі мәжілісін бастамас бұрын депутаттар Сайрам ауданындағы бірқатар шаруашылықтарда болды. Мұндағы мақсат ауыл шаруашылығындағы мәселелермен етене танысу, бюджеттен бөлген қаржының игерілуін және үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаудың ауылдағы ағайындарына жетуін қадағалау.

Манкент шипажайы аумағындағы қарқынды баудағы алма көшеттері осыдан екі жыл бұрын егілген. Көрші Сарыағаш ауданынан жеткізілген көшеттер қазір тез жетілуде, келер жылдан бастап өнім бере бастайды екен. Ал шаруашалар жеңілдіктерге зәру.

Мал шаруашылығын кәсіп еткен азаматтардың да депутаттарға айтары бар. Бордақылау алаңдарын ашып, өңірді ғана емес, республикадағы аймақтарды таза ет және ет өнімдерімен қамтып отырған өндірістік кооператив басшыларының өтініші бар. Шаруалар құрама жемді сатып алуға үкімет қолдау көрсетсе дейді.

Депутаттар келді деген хабарды естіген Сайрамның еңбекқор азаматтары жиналып, шаруашылықты дамытуға кедергі болған тұстарды жасырмай ашық айтты.

Субсидия алуға ниет білдірген шаруашылықтардың басым бөлігі қаржы иниституттары қойған талаптарды орындай алмайтыны жасырын емес. Соның салдарынан несиеден қағылып жататыны бар.

Осы және облыстағы ауыл шаруашылығы саласының даму барысын аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясы облыс мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібінде қарауға ұсынып отыр. Келесі мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша жауаптар тыңдалады.