Шымкенттік оқушы 1 миллион теңге сыйақыға ие болды

Сурет baq.kz сайтынан алынды

1 миллион теңге. Шымкенттік оқушы әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы атанып, осыншама сыйақыға ие болды. Қуаныш Мәден еліміздегі CCI Kazakhstan компаниясы мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «3.2.1… Старт!» әлеуметтік жобалар байқауына қатысқан.

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы әлемде теңдесі жоқ құбыр тазалағыш робот ойлап тауыпты. Ұйымдастырашылар жобаның елімізге әкелер пайдасы мен маңыздылығын ескере отырып, үздік деп отыр.

Енді оқушының туындысын өндірісте қолданатын күн алыс емес сияқты. Өйткені жүлде қаржысына роботты өндіріске дайындайтын жабдықтар сатып алынатын болады. Сонымен қатар роботты патенттеу жұмыстары да жүргізілуде.

Қуаныш сияқты жас өнертапқыштар үшін тағы бір мүмкіндік. Елімізде мектеп оқушылары мен жастарға арналған NURINTECH республикалық жастар инновациялық жобалар байқауы бастау алды. Жүлде қоры да қомақты – 8 млн теңге.

Байқау 5 бағыт бойынша ұйымдастырылуда:

әлеуметтік маңызы бар инновациялар;

техностарт;

үздік жас ғалым;

жастардың инновациялық жобасы;

перспектива.

Ал үміткерлер жасыл энергитика, IT технология және авиағарыш технологиясы, робототехника, медицина сынды тақырыптар бойынша жобаларын, ұсына алады.

«Жас Отан» жастар қанатының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Молдабеков байқауды таныстырды. Жеңімпаздардың өз жобаларын инвестицияландыру мен қаржыландыру көздерін табу мүмкіндігіне ие болатынын және арнайы қолдау көрсетілетінін жеткізді. Айта өтейік, өтінімдер 2017 жылдың 30 қыркүйегіне дейін қабылданады.