Шымкентте жылдар бойы куәліксіз жүрген 52 тұрғынға құжат берілді. Бірінің жеке куәлігі жоқ болса, енді біреуінің әлі күнге дейін туу туралы куәлігі рәсімделмеген. Жеке құжаттарының жоғынан құқы шектеліп келген азаматтарға таяуда Қаратау аудандық прокуратурасының қызметкерлері көмек қолын созды.
Бүгін Олеся 12 жасқа толды. Осыған дейін жеке құжатсыз жүрген ол туу туралы куәлігін алды. Енді өзінің де, бауырларынының да құжаты бар. Прокурорлар көпбалалы ана Ирина Попкованың да туу туралы кәліктерін рәсімдеп беріпті. Қырықтың қырқасына шыққан тұрғын осыған дейін ескі құжатпен жүрген екен.
Көпбалалы отбасында тұңғыш ұлдан өзгесі жылдар бойы құжатсыз келіпті. Басқасы — басқа, бұл оқушылардың мектепке қалай қабылданғаны белгісіз. Ирина Попкова тұрақты мекенжайы болмағандықтан, осыған дейін балаларына туу туралы куәлігін рәсімдей алмағанын айтады. Тұрмысы төмен отбасының, тіпті, орталыққа қатынауға қаражаты да болмаған.
Прокурорлар тұрмысы төмен отбасы балалаларын анықтау мақсатында тексеру шаралары кезінде Қайнар бұлақ саяжайында 39 оқушы мен 13 ата-ананың жеке құжатының болмағынын анықтап отыр.
Қадағалау органының өкілдері құжаттандыру жұмыстарын әлі де жалғастырады. Прокурорлар ауданда жеке құжаты рәсімделмеген тұрғындарды анықтау мақсатында тиісті шараларды жалғастырамыз дейді.
Мақпал Рысбаева