Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірге келген парламент мәжілісінің бір топ депутатымен кездесті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында келген мәжіліс депутаттарының ішінде Сәкен Қаныбеков, Әбдіманап Бектұрғанов, Мансұрхан Махамбетов, Ержан Құдайберген бар.
Кездесу барысында аймақ басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген міндеттерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Әкім, сондай-ақ, облыс экономикасын жақсартуда халықаралық байланыстарға аса мән беріліп, ішкі туризм саласын дамытуға күш салынып отырғанын сөз етті.
— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — маңызды саяси-идеологиялық құжат. Себебі, бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы кеңінен айтылған. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, облысымызда таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Әрі халықаралық байланысты нығайту арқылы өңірімізге инвистиция тарту мен кедергісіз кәсіпкерлік ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуына қаныққан халық қалаулылары алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға барынша өз үлестерін қосып, қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Демалыс уақытында облыстың бірқатар өңірлерінде болып, сайлаушыларымен кездесулер өткізетін мәжіліс депутаттары жергілікті жердегі атқарылып жатқан істермен танысып, көпшіліктің ой-пікірлерін тыңдамақ.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев