Онбаев көшесінің тұрғындары жол құрылысына разы емес

330
Онбаев көшесінің тұрғындары жол құрылысына разы емес

Шымкентте бір көшенің тұрғындары жол құрылысына қарсылық білдіріп отыр. Жергілікті халық Самал-1 шағынауданындағы Онбаев көшесін асфальттау жұмыстарына көңілі толмайды. Айтуларынша, жолдың ені бұрынғыдан екі есе тарылып, көліктердің жүруіне қолайсыздық тууда. Ал құрылысшылар жұмыстың әкімдік бекітіп берген құрылыс талаптарына сай жүргізіліп жатқанын айтады.

Осыдан 10 күн бұрын басталған жөндеу жұмыстары тұрғындардың қарсылығына қарамастан жалғасып жатыр. Ал халықтың айтуынша екі есеге қысқарып кеткен жолдың ені күні ертең жүк көліктерінің қозғалысына қолайсыздық тудыруы мүмкін. Тұрғындар жасыл белдеуге қалдырылған бөліктің бізге түкке де қажеті жоқ, оның орнына жолымызды кеңейтіп берсін деп талап етеді.

Түсірілім жүріп жатқан кезде жол құрылысының техникалары тар көшеге сыймай, бір-бірінің жолын жауып қалды. Осындай кедергілерге тап болған тұрғындар жобалау жұмыстарының қалай жасалғанын білмей дал. Халық мынадай тар асфальттен гөрі кедір-бұдыр болса да кең тас жолымыз дұрыс еді деп налиды.

Ислам Боранов, тұрғын: «Үлкен көше еді, тарылтып тастады. Ағаш егеміз деп отыр — қурайды. Лоток керек емес, тротуарды тегістеп берсін. Кіріп-шыға алмаймыз, көлікті қойып. Бір жағынан қалдырсын бір тротуар. Ағаштың бәрін алып кетсін, әкімдіктегілер сұрамады, жарты метр қалдырып кеткен. Жауынның ирригациясын ойластырмаған.»

Онбаев көшесінің тұрғындары жол құрылысына разы емес

Ал мердігерлер жұмыстардың құрылыс талаптарына сай жүргізіліп жатқанын айтады. Тапсырыс берушілер ұсынған сметалық құжаттан титтей де ауытқыған жоқпыз деп отыр.

Салаға жауаптылар тұрғындардың пікірін ескеруге міндетті емеспіз дейді. Айтуларынша, жоба қаланың егжей-тегжей жоспарына сай жасалған. Жобаға сай 6 метр жолдың жиегінің екі жанынан 1,5 метрлік аяқ жол, жарты метрге жетеғабыл ирригациялық жүйе жүргізілуі тиіс.

Маусым айында басталған ішкі орам көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, нысан тапсырылуы тиіс. Ал жолға жауаптылар келеңсіздіктерге тап болған тұрғындардың ескертуі еленбейтінін, жобаның қайта қаралмайтынын қадап айтты.

Мақпал Рысбаева