Шымкентте алғаш рет дағдарыс орталығы ашылды. Бұл орталық Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында ашылып отыр. Орталықтың басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жанжалға тосқауыл қою. Мұнда отбасында әлімжеттікке ұшыраған жандарға көмек көрсетіледі.
Бұл орталықта негізінен тұрмыс тәлкегіне ұшырап, отбасында теперіш көргендерге көмек көрсетіледі. Солардың бірі, жүйкесі жұқарған мына азаматша бейнекамераға жүзін көрсетуден бас тартты. Күйеуіне, отбасына деген қорқыныш сезімі әлі де сейілмей тұрғаны сезіледі. Күйеуін былай қойғанда өз туған бауырынан зәбір көрген Мария орталыққа екі баласымен пана іздеп келген.
Мария: «Мен енді шыдай алмаймын. Балаларымды алып, үйден кетіп қалдым. Қанша жылдан бері ішіп жатыр. Шыдап келдім. Ұратыны тағы бар. Дағдарыс орталығының ашылғанын естіп, осында келдім. Балаларыма және маған тыныштық керек. Күнделікті ұрыстан шаршадым.»
Дағдарыс орталығы «Қызыл ай» қоғамының құрамында ашылып, «Қорғау-Астана» қорының әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Дәл қазір орталықта 4 әйел және 12 балаға көмек көрсетілуде.
Анна Рыль, «Көмек» дағдарыс орталығының директоры: «Бұл мәселені шешу үшін тек дағдарыс орталығының күші жетпейді. Одан бөлек құзырлы орган өкілдерінің, дәрігерлердің көмегі қажет. Орталығымыз уақытша баспанамен қамту, заңгерлік кеңес беру секілді қызмет түрлерін ұсынады. Барлығы тегін.»
Жаңадан ашылған орталықта заңгер, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істейді. Одан бөлек жатын бөлмелер, балаларға арналған алаңшалар мен асханалар да қарастырылған.
Қалшагүл Есмұрзаева, «Көмек» дағдарыс орталығының психологы: «Аналарға көмек көрсетеміз. Біріншіден, психологиялық, одан кейін әлеуметтік көмек көрсетеміз. Еңбекке баулимыз, біздің мақсатымыз — аналарды өз аяқтарынан тұрғызып, болашақта өзінің отбасына барып, жарасу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.»
Бұл дағдарыс орталығынан бөлек Шымкентте бүгін тағы екі орталық өз жұмысын бастады. Олар — әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және медициналық-психологиялық оңалту орталығы.