Шымкенттіктер Астана тойын бастап та жіберді. Әсем әндер, жанданған көңілді билер, түрлі спорттық сайыстар, Елорданың мерейін асыратын құттықтаулар. Мұндай мерекелік шеру арман қала Астананың құрметіне арналып отыр. Жерлестеріміздің айтулы тойдағы әсер-қуанышын біз де бөлісіп қайттық.

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары! 6 шілде күні еліміз Астана күнін атап өтеді. Осыған орай назарларыңызға Шымкент қаласының әкімдігі ұсынған мерекелік бағдарламаны ұсынамыз. Ендеше, осынау мерекені баршамыз бірге атап өтейік!

Ең жас қалалықтар үшін Шымкент зообағында үлкен мерекелік бағдарлама әзірленді. 6 шілде күні мұнда ашық есік күні өтеді. Таңертеңнен сағат 14:00-ге дейін балаларды жас керік – Астананың туған күнін атап өтуге шақырамыз. Балғындар аниматорлардың өнерімен қоса театрландырылған шоу, концерт және Астана қаласына арналған фильмер тамашалай алады.

Шаһарымыздың барлық саябақтарында сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін концерттік бағдарламалар өтеді. Бұған қоса суретшілер Абай саябағында Елордаға арналған туындыларын көпшілік назарына ұсынады. Ал орталық саябақта ақындар арасында Астанаға арналған үздік өлеңдер және әндер жарысы болады. Мұнда Астанаға арналған кітаптар көрмесі де ашылады.

Сейдулла Бәйтереков ескерткіші алдында қаламыздың үздік шығармашылық ұжымдары мемлекетіміздің астанасына арналған нөмірлерін ұсынады. «Шымкент Плаза» сауда үйінде сағат 11:00-ден 12:00-ге дейін би ұжымдарының «Еңсесі биік – Елорда» флэшмобы ұйымдастырылады.

5 шілде күні Қарасу шағынауданындағы Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясында сағат 11:00-де шағын футбол және баскетбол турнирі өтеді. 6 шілде күні сағат 11:00-де Қайтпас шағынауданындағы №58 мектеп алаңшасында волейбол және жағажай волейболынан жарыс басталады.

Ал оқушылар сарайында балғындар Астана қаласын бейнелейтін болады. Сағат 18:00-де Әл Фараби алаңында суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесімен мерекелік іс-шара басталады. Ал мереке театр қойылымдары мен Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертпен аяқталады. Ендеше, уақытыңызды осы бағдарламаның барлығына қатысатындай жоспарлаңыз!