Батыс Қазақстан делегациясы Шымкенттегі өндіріс орындарын аралады

Күнгей мен батыс арасындағы байланыс одан әрі нығая түседі. Күні кеше Оңтүстікке Батыс Қазақстаннан делегация арнайы жұмыс сапарымен келген болатын. Соның нәтижесінде екі өңірдің әкімдері бас болып, кәсіпкерлері қоштап, бірнеше келісімге қол қойылды. Айта кетейік, бұл – батыс қазақстандықтардың өңірімізге екінші рет табан тіреуі. Жұмыс сапары барысында делегация мүшелері «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан бірнеше ірі кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Батыс Қазақстан делегациясы Шымкенттегі өндіріс орындарын аралады

 

Қонақтардың алғашқы бас сұққан өндіріс орны – шыны шығарумен айналысатын «Еврокристалл» серіктестігі болды. Түтіні түзу ұшып, тірлігі қайнап жатқан кәсіпорын бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорт көлемін де арттырып келеді. Батысқазақстандық қонақтарға шыныны қайнатудан бастап, дайын өнімді қаттауға дейінгі жұмыс процесі таныстырылды. Шыны шығаратын зауыттың елімізде баламасы жоқ. Өнімдерін Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанға экспорттайды. Өндіріс орнында 350 адам жұмыс істейді. Жылына 200 млн шыны шығаратын кәсіпорын жұмысының 95 пайызы автоматтандырылған.

Батыс Қазақстан делегациясы Шымкенттегі өндіріс орындарын аралады

Рустам Сахов, «Еврокристалл» ЖШС бас директоры: «Былтыр тағы бір пешімізді өндіріске қостық. Бұл өз кезегінде жұмыс қарқынын үш есеге арттырып отыр. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы «Даму» қоры қаржыландырған болатын, ал екінші кезекте «Қазақстанның даму банкі» көмек қолын созды. Бүгінде өндірісіміз қарқынды даму үстінде.»

Күнгейлік іскерлердің кәсібі батыстағы ағайынның көңілінен шықты. Қонақтар Оңтүстіктегі тындырымды тірліктен алар үлгіміз жетерлік дейді.

Ержан Алтаев, «Орал ӘКК» ҰК басқарма төрағасы: «Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстары – қарқынды дамып келе жатқан облыстар. Елбасының тапсырмасы бойынша өңіраралық кооперацияны дамыту бастамасы көтерілгені белгілі. Осыған орай екі облыс арасында меморандумға қол қойылды. Делегация құрамында ірі инвесторлар, ірі кәсіпорын иелері бар. «Шымкентцемент» зауыты мен «КПО» компаниясы арасында келісімшарт түзілді. Енді «Шымкентцемент» Орал өңірін цементпен қамтамасыз ететін болады. Күнгейдің индустриялды аймақтарды аралап жатырмыз. Үлгі алатын тұстар жетерлік.»

Батысқазақстандықтар Оңтүстіктің кәсіпкерлерін өздеріне шақырып, аталған облыста зауыттарын ашуға үндеу тастады. Осы арқылы Еуразиялық экономикалық аймағының нарығына шығуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде екі облыс үшін де экономикалық жағынан өте тиімді болары сөзсіз.

Батыс Қазақстан делегациясы Шымкенттегі өндіріс орындарын аралады

Бұдан кейін оралдық делегаттар мотор майын шығаратын «Хилл корпорейшн» және «Әлем БТ» өндіріс орындарын аралап, жетістіктерді саралап, өз бағаларын берді.

Гүлжан Көшерова