Шымкент делегациясы Өзбекстанда

543

Биыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Осыған орай екі ел арасындағы достық, бауырлас қарым-қатынасты нығайту, ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, SILKWAY халықаралық университетінің қолдауымен өткізілген «Достық керуені».

Қазан айының ортасында, дәлірегі 10 қазанда Шымкент қаласынан шыққан «Достық керуені» Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларын аралап, сондағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен, көршілес елдің туризм бағытындағы жұмыстарымен танысып қайтты. Бұл сапар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан интернационалды мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткізілді.


Шымкент жастары, ассамблея мүшелері, БАҚ өкілдерінен құралған делегацияның алғашқы барғаны – Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі болды. Аталған елшілік Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында орналасқан. Шымкенттік делегацияны сондағы елшіміз Дархан Сатыбалды күтіп алып, кездесу өткізді.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, Өзбекстан тарапы туризмге баса көңіл бөліп отыр. 2022 жылға қарай мұнда 10 млннан астам турист келетіні жоспарланған. Кездесуге Ташкентте оқитын қазақ студенттері де қатысты. Олардың айтуынша, оқуға қажетті қазақ тіліндегі оқулықтар, көркем әдебиеттер тапшы екен. Сондықтан да Қазақстан тарапы Өзбекстандағы қазақ студенттерінің оқуына қажетті қазақша кітаптардың жеткізілуіне жәрдем етсе екен, деген тілек білдірді.

 


Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің ғимаратынан шыққан делегация Ташкентте жерленген Төле бидің зиратына барды. Қазақ арасында Қарлығаш әулие атанған биді Өзбекстанда «Қалдырғаш би» деп біледі. Ташкент орталығындағы Төле бидің кесенесіне барған делегация сондағы шырақшының әңгімесін тыңдап, бидің рухына құран бағыштады.
Би басына қойылған құлпытасқа қашап жазылған «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген!» сөзін оқып, бұл сөздің астарына үңіліп, елдік пен даналықты тәпсірледі.
Осы орайда айта кетсек, Өзбекстанда қазақтың екі атақты биі жерленген. Бірі осы Төле би болса, екіншісі Науаи облысында жерленген Әйтеке би.
Би басына барып, зиярат еткен делегация Самарқан қаласына жолға шығып, 5 сағаттан астам жол жүріп, «мәдениеттер тоғысқан мекен» атанған қалаға да жетті.
Көлемі мен халық саны жағынан Өзбекстанның үшінші қаласы саналатын Самарқанда тарихи-мәдени ескерткіш көп. Басым бөлігі Әмір Темірдің заманынан салынып, бүгінге жеткен. Мұнда кезінде Самарқанды билеген Жалаңтөс баһадүр жерленген. Жалаңтөс баһадүрдің демеушілігімен Регистанның екі бірдей кесенесі салынған. Самарқандтың орталығындағы Регистан кешені бүгінде туристердің ең жиі келетін, әлем танитын туристік нысанына айналған.

Самарқанда күн аялдап, бірқатар ескерткіштерімен, кесенелерімен танысқан делегацияның келесі сапары Бұхараға жалғасты.
Ортағасырлық келбетін сақтаған Бұхарада келген туристке көрер жер көп. Қаланың ескі бөлігі терең тарихты ішіне бүгіп жатыр. Мұнда күн тоқтаған делегация қаланы аралап, тарихымен танысып, 12 қазанда елге оралды.
Сапар барысында делегацияға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бас болды.
Ал SILKWAY халықаралық университетінің президенті Мадияр Юнусов делегацияны 10 қазанда Шымкенттен шығарып салып, сәт сапар тіледі.
Айта кетсек, Шымкент делегациясының Өзбекстан қалаларындағы сапарын SILKWAY халықаралық университеті қолдап, демеді. Аталған оқу ордасы халықаралық университет атауына сай, бүгінде алыс-жақын шетелден студенттерді тартып, оқытуға ден қойып жатыр. Бүгінде Өзбекстан қалаларында өкілдіктері бар екен. Сол жақтан студенттерді, осында, яғни Шымкентке оқуға шақырады.

Жәнібек Нұрыш