Шымкентте ҰБТ тапсыру үшін құжат қабылдау басталды

Оңтүстік Қазақстан облысында ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған оқушылар саны 4113-ке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 675 оқушыға артық. Ал 100-ден 120 балға дейін жинағандар саны – 3004, 121 мен 140 балл аралығында жинағандар – 1109 оқушыны құрады. Бұл туралы ұлттық бірыңғай тестілеу мен қабылдау емтихандарының қорытындылары талқыланған үкіметтің кезекті селекторлық отырысында белгілі болды. Онлайн өткен жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев және өңірдегі сала жетекшілері қатысты.

Жалпы республика бойынша ҰБТ-ға 88 595 түлек қатысып, бақ сынаған. Бұл өтінім бергендердің 95 пайызын құрса, тестілеу қорытындысына сәйкес республика бойынша орташа көрсеткіш 80,5 балды құрады.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2016-2017 оқу жылында 11 сыныпты 32 871 оқушы бітірді. Олардың 21 668 немесе 78,2 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш беріп, 21323 бітіруші тестілеуге қатысқан. Тестілеуге қатыспаған 345 оқушының 312-і өз өтінішімен, 29 денсаулығына байланысты, ал 4 оқушы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен (халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпазы) ҰБТ-дан босатылған. 2017 жылғы ҰБТ қорытындысымен облыстық түлектердің ортаща көрсеткіші 76,8 балды құрады.

Биыл ҰБТ ережесіне сәйкес тест тапсырған 21323 бітірушінің 882 немесе 4 пайызы шығармашылық емтиханға қатысты. Шекті деңгейден өтпеген яғни 50 балдан төмен жинаған оқушылар саны – 2 776. Межелік деңгейден өтпегендер тестілеуден қайтадан өте алады. Құжаттарды қабылдау 1-8 тамыз аралығында, ал тестілеу 19-24 тамыз аралығында өтеді. Талапкер межелік деңгейден екінші ретте де өтпей қалған жағдайда жоғарғы оқу орындарында бір семестр ақылы оқи алады.

Облыстағы 1347 алтын белгі иегерлерінің 1327-сі ҰБТ-ға қатысты. Тесттен босатылған 20 оқушының үшеуі халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпазы болса, 17-сі — шетелге грантпен оқуға түскендер.

Еске сала кетейік, облыс мектептерінің бітірушілері республика бітірушілерінің 25 пайызын құраса, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын республика бітірушілерінің 23,7 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының түлектері.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі