Зейнеткерлік жасқа жетсеңіз, зейнетақыны рәсімдеу үшін құжаттарыңызды халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсыруыңызға мүмкіндік бар. Оңтүстік өңірінде осындай 31 орталық жұмыс атқаруда. Олардың жұмыс кестесі де тұрғындарға ыңғайластырылған.
Зейнеткерлік жасқа жеткен Баян Құлдыбаеваның құжаттарын халыққа қызмет көрсету орталығының маманы мұқият тексеруде. Зейнетақыны тағайындау үшін қажетті құжаттардың тізімін Жаңа талап ауылының тұрғыны әріптестерінен біліпті.
Ерлер үшін зейнеткерлік — 63 жастан, ал әйелдер үшін 2018 жылға дейін 58 жастан басталады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 11-бабына сәйкес 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жарты жыл сайын 63 жасқа жеткенше көтерілетін болады. Осылайша, 1964 жылы туған әйелдер зейнеткерлікке ерлермен бірге 63 жаста шығады. Бұл азаматтар мен азаматшалар зейнетақы тағайындау үшін құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады.
Жандос Болат, ОҚО бойынша халыққа қызмет көрсету департаменті басшысының орынбасары: «Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мен азаматшалар зейнетақыны рәсімдеу үшін құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарын тапсыруына болады. Тапсырылатын құжаттар: жеке куәлік, еңбек кітапшасы, балаларының туу туралы куәліктері, дипломы мен некеге тұрған куәлігі. Құжаттарды әзірлеу мерзімі — 10 күн.»
Оңтүстік өңірінде 31 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс атқаруда. Олардың жұмыс кестесі де тұрғындарға ыңғайластырылған. Дүйсенбіден сенбіге дейін күндері орталық түскі үзіліссіз таңғы 9-дан кешкі 20:00 ге дейін қызмет көрсетеді. Ал Қаратау аудандық ХҚКО пилоттық жоба бойынша түнгі сағат 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Орталықтардың барылығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдайтын арнайы үстел бекітілген.