Заңсыз абоненттер газдан ажыратылуда

306
Заңсыз абоненттер газдан ажыратылуда

Балғындар күн сайын қауіпті нысанда тәрбиеленген балабақша, өз клиенттерінің қауіпсіздігіне кепілдігі жоқ тамақтану орны – бұлар газ құбырына тиісті құжатсыз қосылған нысандар. Енді газ мамандары бұл нүктелерді газдан ажыратып қана қоймай, қолдан келген қауіпсіздік шараларының барлығын жасауда. Шымкентте газға заңсыз қосылған абоненттерді құбырдан ажырату акциясы басталған.

Гүлназ Қасымбекова өзінің заңсыз жалғанғаны туралы кезекті рет құлақтандыру алғанда бірден «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына келді. Қала тұрғыны үйіне газ қосылғанына құжат әзірлеу үшін мердігерге бірнеше рет ақша төлегенін айтады. Бірақ, осы уақытқа дейін мәселесі шешілмеген.

Шымкентте мұндай заңсыз абоненттердің саны 3000-нан асады дейді мамандар. Олар күн сайын газ құралдарын қосқан сәтте өздері мен үй ішін қауіпке таңады. Айта кету керек, қарапайым тұрғындармен қоса газ құбырына заңсыз қосылғандар арасында түрлі нысандар да бар. Мысалы, тамақтану орындар мен балабақша.

Бұл нысанның иелері құлақтандыру алған соң да құжаттарын заңды етіп рәсімдемепті. Сондықтан бүгін газдан ажыратылуда. Ал ең қауіптісі – балалар күн сайын осында жүр. Мамандар бұл балабақшаны бұған дейін де газдан ажыратқанбыз дейді. Соған қарамастан нысан иелері тағы да қосылып алған екен. Енді олардың мәселесі сотта қаралады.

Газ таратушыларды тек газдың ұрлануы ғана емес, осындай заңсыз қосылулардың қауіптілігі де алаңдатады. Сонымен, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары тағы да ескертеді – құлақтандыру алған абоненттер комиссияға келіп, құжаттарын заңды түрде рәсімдеуі тиіс. Осылайша түбіртектегі артық ақыдан, айыппұлдар мен газ құбырына қайта қосылу үшін төленетін ақыдан құтылуға болады дейді.