Жолаушылардың қатынауын қамтамасыз ету үшін бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 7 автовокзал мен 23 бекет жұмыс жасайды. Міне, осы бекеттерді ұлттық стандартқа сай ету — басты мақсат. Өткен жылдың мамыр айында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автовокзал және автобекет басшыларымен меморандум түзген болатын. Сол келісімнің қай дәрежеде орындалып жатқанын көруге арнайы топ шықты.
Самал автовокзалынан еліміздің барлық қалалары мен аудандарына және Қырғызстан мен Ресей бағытына шығуға мүмкіндік бар. Биылғы тамыз айында автовокзалда заманауи талаптарға сәйкестендірілген екінші күту залы ашылды. Мұнда жолаушылардың қауіпсіздік жағдайры толық қаралған дейді сала мамандары. Күту залында медбике, ана мен бала бөлмелері, қонақжай және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кассалар ашылған. Соған қарамастан мұнда әлі де талай жұмыстар атқарылуы тиіс.
Бүгінгі таңда облыс бойынша ұлтық стандарттар мен талаптарға сәйкестендірілген деп Бекжан автовокзалын айтуға болады екен. Билет сату, ақпараттық қызмет, жүкті сақтау және бейне-бақылау камералары орнатылған. Жолаушылардың қол жүгін тексеріп қарауға арналған қондырғылар да бар. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоларба да қарастырылып қойыпты.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінде заңсыз жолаушы тасымалына тосқауыл қоятын мезгіл жеткен. Автовокзалдардан шығатын барлық автобустарға арнайы логатиптер жабыстырылуда. Өз қауіпсіздігін ойлаған кез келген жолаушы логотипі жоқ автобустарға отырмауы тиіс. Логотипі жоқ автобустар ешқандай талапқа сай келмейді деп айтуға болады.
Нұрлан Күдерұлы