«Жылжымалы қымызхана» – ЭКСПО-да көпшілік назарына ұсынылмақ

673

Елбасыға таныстырылған «Қазақ арбасы». Шымкенттік қолөнерші жылжымалы арбаның бүгінде басқа да түрін жасап шығарған.

Алғашында жеміс-жидекке арналған арба жасап машықтанған жерлесіміз Еркінбек Бөкенбаев бүгінде заманауи жабдықталған, қымыз-қымыран сататын жылжымалы киіз үй де жасап шығарды. Жоба авторы – бұл көненің жаңғыруы деп біледі. Дөңгелекті киіз үйде тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Толық жабдықталған. Негізгілерін айтпағанда, күннен энергия алатын панель, тоңазытқыш та бар. Өткен шақ пен осы шақтың жетістігі бір арбаға орнатылған десек те болады.

Жоба авторы, техника ғылымдарының кандидаты Еркінбек Бөкенбаевтың айтуынша, бүгінгі көліктердің өзі бастауын дөңгелекті киіз үйден алады. Бұл ежелгі көшпенділердің өркениетке қосқан өшпес үлесі. Ал өзін сол құндылықты тек жаңғыртушы деп санайды. Дөңгелекті киіз үй оны көрген адамға әсер етпей қоймайды. Мұндағы әрбір элементтің құндылығы өз алдына. Автордың бұл жобаны қолға алғандағы мақсаты да осы. Киіз үй негізінде жасалған қымызхананы кез-келген жерге орнатуға болады. Алғашқысының шығыны 5-6 миллион теңгеге жеткен.

Жылжымалы қымызхана тамыз айының соңында ЭКСПО-да Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында көпшілік назарына ұсынылмақ. Жоба тек елімізде ғана емес сонымен қатар шетелдерде де патенттелген. Жоба билік тарапынан қолдау тапса, шаһардағы бірнеше жерлерде орнатылуы да ғажап емес.

Асқар Сәтпаев