2013 жылдан бері сауда жасау үшін берілген орындарда кәсібін дөңгелетіп отырған сайрамдық тұрғындардан бүгінде маза кеткен. Айтуларынша, облыстық аумақтық жер инспекциясы «қызыл сызыққа» түскен бұл нысандарға берілген құжаттарды жарамсыз деп тану үшін сотқа арызданған. Күнделікті нәпақасынан айырылғалы отырған көпшіліктің жергілікті билік өкілдеріне өкпесі қара қазандай.
Ұзын-ырғасы 15 жылдан бері қаз-қатар орналасқан сауда нүктелерінде емін-еркін кәсібін дөңгелетіп келген тұрғындар бүгінде күндіз-күлкіден, түнде-ұйқыдан айрылған. Отбасының нәпақасын осы жерден айырып отырған бұл тұрғындар жергілікті билік өкілдерінің бұл әрекетін түсіне алмай дал.
Қазір 11 кәсіпкердің сауда нүктесі дауға түсіп жатыр. Олардың бірі орынды 10 жылға жалға алған болса, ендібірі жеке меншік етіп, тиісті құжаттарын рәсімдеп үлгерген. Кейбірі осы құжаттарды банкке кепілдікке қойып, несие де алдық дейді.
Сауда қатарынан алғашқы болып орын алғандардың бірі Мая Ілиясқызы. Үш баланың анасы 15 жылдан бері сауда-саттықпен айналысады. Отбасының жалғыз күнкөрісіне жарап тұрған бұл орыннан айрылсақ, нәпақамызды қайдан іздейміз деп налиды ол.
Жергілікті атқамінерлердің төбесі көірнгеннен көпшілік ашуға булықты. Кәсіпкерлерді сабырға шақырған ауданның бас сәулетшісі мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысты. Айтуынша, облыстық маңызы бар жолда көлік қозғалысы бүгінде қиындап тұр. Сондықтан да бұл жерге ақысыз автотұрақ салыну қажет деп шешіліпті.
Кәсіпкерлердің сауда орындары пайдалануға берілген құжаттарға қатысты іс қазір сотта қаралуда.
Кәсіпкерлер сауда орындарынан айрылсақ, жолды жабамыз деп бекініп отыр. Қалай дегенмен, істің ақ-қарасын ажыратып, соңғы нүктесін сот қояды.