ОҚО-да Өзбекстандық инвесторлар тұрмыстық газ плитасын құрастыратын цехты іске қосты

197

Өзбекстан мен Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық ынтымақтастығы алғашқы нәтижелерін бере бастады деген сөз. Таяуда ғана Мемлекет басшысының Ташкентке жасаған ресми сапарында да жаңа келісімдерге қол жеткізілген болатын. «Бадам» индустириалды аймағындағы жаңа кәсіпорынды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев арнайы аралап, жұмысымен танысып шықты.

Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған.

«Әзірге біз жеке қаржымызға қондырғыларды сатып алып, орнатып шықтық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Біздің зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды. Әрі бағасы да қазіргі нарықтағыдан төмен болады»,- дейді «Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов. Жаңа кәсіпорынның жұмысын оң бағалаған облыс әкімі жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған көмектерге тоқталды.