Оңтүстік зиялылары латын әліпбиінің нұсқасын талқылады

519
Оңтүстік зиялылары латын әліпбиінің нұсқасын талқылады

Оңтүстік Қазақстан облыстық Отырар әмбебап кітапханасында өңрімізге белгілі зиялы қауым өкілдері мен түрколог-ғалымдар сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғылымдары қатысқан жиын өтті. Басқосудың басты тақырыбы — мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін талқылау. Айта кетейік, жазушы-ғалымдар күні кеше парламентте ұсынылған әліпбиді біраз талқылау керек деп отыр.

Жаңа әліпбиді талқылау жиынында алғашқылардың бірі болып филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахмет өз пікірін білдірді. Латын әліпбиін жүз пайыз қолдаймын, дегенмен, халыққа жақын әрі сөйлеуге ыңғайлы әріптерді таңдап алуымыз керек деген ғалым жаңа әліпбиде орыс тілінен енген дыбыстың қажеті қанша деп сауал тастады. Сондай-ақ қазақтың төл дыбыстарының қосақталып жазылуына көңілі толмайтынын да жеткізді.

Жиынға қатысушылар жаңа әліпбидің жобасын кеңінен талқылап, зиялы қауым өкілдері мен түрколог ғалымдар латын әліпбиіне қатысты өз пікірлерін білдірді. Мәселен, белгілі жазушы Мархабат Байғұт жаңа әліпбиге көшу кез келген қоғам үшін оңай болмайтынын айтып, осы жолда кездесетін қандай да бір қиындықтарға ұлттың келешегі үшін төтеп беруіміз керегін тілге тиек етті. Ал Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің деканы Болатбек Тілеубердиев Әлімхан Жүнісбек ұсынған алфавит қолдау тапса, халық үшін қолайлы болатынын алға тартты. Осылайша жаңа әліпбиге көшу мәселесі қызу талқыға түсті.

Маңызды мәселелер талқыланып, ұтымды пікірлер айтылған басқосуды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қорытындылады. Ол латын әліпбиінің маңыздылығына айрықша тоқталды. Сондай-ақ, жұртшылықта жаңа әліпбиге көшудің дайындық жұмыстарына жұдырықтай жұмылып, белсенді қатысуға шақырды.

Жанерке Хұмар