Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де мәреге жетті. Соңғы екі күнде ЭКСПО шаһары шырайланып, бұрынғыдан да сымбаты, көздің жауын алатындай тартымды болды. Осыдан үш ай бұрын ашылу салтанатының куәсі болған «Отырар TV» телеарнасының түсірілім тобы енді халықаралық іс-шараның жабылу мерекесінің де ду-думанынына кенелді.
ЭКСПО-2017 Астана көрмесі Тәуелсіз Қазақстанның ең көлемді жобасы болып тарихқа алтын әріппен жазылды. Бұған дейін мұндай көрме Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Көрмені өткізу мәртебесіне әлеуеті зор, көшбасшы дәрежесіне көтерілген шаһарлар ғана ие болды. EXPO көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновацияны игеруге мүмкіндік алды.
Касесас Гандара: «Мен осы көрмеге арнайы Анголладан келдім. Бұл көрменің бір мәні — жаһандағы 4 қуаттың қазіргі заманмен жанасуы, адамзатты күн, жер, су және жел беретін қуатты табиғи энергия көздерін қолданудан мол пайда алуға үйрену. Және ең бастысы — Қазақстан осы қуаттың алуан түрлілігіне ие. Бұл мені ерекше қуантады.»
Көрменің соңғы күні 1851 жылдан бері дәстүрге айналған көрме қатысушыларлдың арасынан ең үздіктерін анықтау рәсімі өтті. Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондар арасында «Көрме дизайны» бойынша қола жүлдені — Латвия, күміс жүлдені — Словакия, ал алтын жүлдені- Польша жеңіп алды. Биылғы марапат арқылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қатысушыларын «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және осы бағыттағы бірегей идеяларды дамытуға ынталандыру көзделген.
Ал аумағы 700 шаршы метр және одан кең павильондар арасында бәсеке қыза түсті. «Көрме дизайны» бойынша қола жүлде — Корея Республикасына, күміс жүлде — Ұлыбританияға және алтын жүлде Ресей Федерациясына берілді. Көрші елдің осындай марапатқа ие болулары заңдылық, 3 ай ішінде Ресей павильонына 800 000 мыңнан аса көрермен келген екен.
ЭКСПО-2017 халықаралық қоғамдастықтың планетаға күн өткен сайын әсер етіп отырған энергия тұтыну проблемасына алаңдаушылығын білдірді. Көрме жауаптылыққа шақырды, пікірталастар тудырып әрі адамзат тіршілігінен табиғатқа үшін келетін зиянды барынша азайтып, энергия тұтынуды жоспарлауға, бақылауға, білуге үйретуге, білімін қалыптастыруға ықпал етті.
Әлімхан Дүйсенғалиев