Шымкентте кешенді оқу-жаттығу өтуде

369
Шымкентте кешенді оқу-жаттығу өтуде

Шымкентте төтенше жағдайға қатысты ауқымды оқу-жаттығудың екінші күні өтті. Бұл күні жоспарланған оқу-жаттығу 3 нысанда өтті:

— Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді қабылдауға арналған шатырлы қалашық (Бәйдібек би даңғылының бойында, Бәйдібек би ескерткішінің сырт жағы);

— Шұғыл әрекет жасағының дайындығы пысықталды (Шымкент сити қалашығындағы жол);

— Көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмыстары (Шымкент сити қалашығындағы жаңа үйлер).

Шымкентте кешенді оқу-жаттығу өтуде

Оқу-жаттығуды ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастап берді. Басшылар жер сілкінісі секілді төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді қабылдайтын шатырлы қалашықтың дайындығын аралап көрді. Айта кетейік, Шымкент 7 балл және одан жоғары жел сілкінісі болуы мүмкін сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан.

Шымкентте кешенді оқу-жаттығу өтуде

Шатырлы қалашықта қалашық әкімшілігі, қабылдау орны, тіркеу орны, ақпарат және байланыс орны және пошта-телеграф бар. Қалашық әкімдігі жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларынан құралады. Шатырлы қалашықта тұрғындар ауыз су, тамақ, суық ауа райында жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мұнда медициналық, өрт қауіпсіздігі және көлік байланысы мен қоғамдық тәртіптің күзетшілері қарастырылған. Шатырлы қалашық ұзын-саны 100 мың адам қабылдай алады.

Шымкентте кешенді оқу-жаттығу өтуде

ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, екінші нысандағы ауқымды оқу-жаттығуға 35 арнайы техника мен шұғыл әрекет жасағының 128 қызметкері жұмылдырылды (өртке қарсы, азаматтық қорғаныс және барлық коммуналды қызмет өкілдері).

Ал көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмысына 13 арнайы техника мен облыстық төтенше жағдай департаменті мен оның құрылымдарынан жеке құрамның 86 адамы қатысты. Жоспар бойынша бұл іс-шараға қаланың коммуналды қызметкерлері мен 6506 әскери бөлімінен 30 маман жұмылдырылды. Барлық қызметкерлер өз тапсырмасын мүлтіксіз атқарды.

Айта кетейік, 14 қыркүйек күні адамдарды судан құтқару оқу-жаттығуы өтеді. Іс-шара Тұлпар көлінде өтеді деп жоспарланған.

Фото: Самат Мырзалиев