"Мұз сарайы" жекеменшікке өтті

Шымкенттің тағы бір спорт кешені жекешелендірілді. Бұл жолы электронды аукционнан «Мұз сарайы» сатылып отыр. Осыған дейін мемлекеттің еншісінде бұл спорт ордасының 67 пайыз акциясы ғана қарасты болатын. Бүгінде нысан 128 миллион теңгеге сатылыпты. Естеріңізге салайық, «Мұз сарайы» — облысымыздағы қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік беретін жалғыз орын.

Қалалық № 8 спорт мектебінің 450 шәкірті осында дайындалады. Соңғы жылдары республикалық турнирлер де осы «Мұз сарайында» өткен еді. Енді спорт кешенінің жаңа қожайыны кім екені әзірге белгісіз.

Жаз бойына жабық тұрған Мұз сарайының есігі 31 тамыз күні ғана қайта ашылған болатын. Спорт кешені директорының орынбасары Ержан Мұхитдиннің сөзіне сенсек, бүгінде мұздың қалыңдығы 5 сантимер ғана. Талапқа сай болу үшін тағы 3 сантимерге дейін қалыңдатылады.

Дегенмен, бүгінде мәнерлеп сырғанаушылар, шорт-трек және хоккейшілер жаттығуларын бастап кеткен. Өйткені, олар қазан айынан бастап республикалық жарыстарға шығады. Дайын болуы қажет.

Оның үстіне бұл Мұз айдыны кәсіби спортпен шұғылдануға тарлық етуде. Жыл өткен сайын спортшылардың кәсіби деңгейіне байланысты олардың жаттығу уақыты артуы қажет. Олай жасауға мүмкіндік болмай тұр. Қалалық қысқы спорт түрлері мектебінің алдына нақты жоспар қойылған. Ол — қысқы Олимпиада ойындарына үш  жолдама жеңіп алу. Бұл мақсатқа жету үшін тыңғылықты дайындық болуы тиіс. Ал, Мұз айдынының жекешелендірілуі спортшыларды да, бапкерлерді де уайымға салғаны рас.