Мемлекеттік және жекеменшік мектептерге арналған семинар өтті

31

Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде дәл осы бағытта жұмыс атқарып жатқан білім ұялары баршылық. Кәсіпкерлер бұл жобаның өте тиімді екенін айтып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің нәсібін жеп, тасын өрге домалатып отырғандардың қатары қалың.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында жұмыс атқарып отырған ұйымдардың біліктілігін арттыру назардан тыс қалған емес. Ол үшін өңірде біршама жұмыс атқарылуда. Жуырда Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының білім саласы Кеңесінің аясында жекеменшік және мемлекеттік мектептерге арналған семинар өтті.

Семинар тақырыбы мектептер үшін өте өзекті және пайдалы болды. Себебі балаларға білім беру жекеменшік немесе мемлекеттік болсын мектептерге өте маңызды.

Спикер Зиябеков Бахнұр Мақсатұлы – Қазақстандық математика мұғалімдері қауымдастығының Вице-президенті семинарда білім саласындағы инновациялық басқару туралы, үздік мұғалімдерді қалай және қайдан тарту керектігі бойынша ақпарат берді.

Сонымен қатар, TOEFL Central ASIA халықаралық емтихан орталығының директоры – Хұдайбергенова Салтанат Сапарбайқызы халықаралық емтихандардың қандай түрлері бар және мектеп түлектерін халықаралық жоғары оқу орындарының талаптарына қалай дайындау керектігі жайлы және білім саласындағы инновациялық басқару жайлы айтып өтті.

Кеңес отырысына 30-қа жуық және аудандардан онлайн 10-ға жуық мектеп құрылтайшылары мен директорлары қатысты.

Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ақпаратпен алмасты. Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері де өздерін толғандырған мәселелерді тілге тиек етіп, талқы таразысына салды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытындағы жұмыстардың жүйелі жолға қойылғандығын айтып өтті.