Қала әкімінің тапсырмасы дер кезінде орындалмайды…

404

Ахмет Байтұрсынов көшесін қазып, жер астындағы жылу магистралын алмастырғын мердігер «Сити Строй» ЖШС-і қала басшыларына берген уәделерін орындай алмады. Құрылысшылардың берген уәдесі бойынша бірінші қыркүйекте көше ашылуы керек еді. Осымен екінші ай құрылысы бітпеген көше енді қашан ашылатыны белгісіз.

Байтұрсынов көшесінде көлік қозғалысы әлі қиын. Тіпті жаяу жүргіншілердің өздері әупірімдеп әрең жүр. Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай көшенің жұмыстары бірінші қыркүйекте аяқталуы тиіс болатын. Бірақ ол орындалмады, ал құрылысшылардың берген екінші уәдесі бірінші қазан болды.

Бұл жолы да мердігерлер сөзінде тұрмады. Таңертең жұмысына асыққан қалалықтар Байтұрсынов көшесіндегі кептелісте сағаттап тұруға мәжбүр. Жаңадан төселген асфальт шөгіп кеткен.

Енді ауа райын желеу еткен мердігер мекемеге айыппұл салынады дейді шенеуніктер. Себебі олар өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс атқармаған, нәтижесі көрініп-ақ тұр .

Ұзындығы 5 шақырымға жуық Байтұрсынов көшесімен көліктердің емін-еркін қашан жүретінін әзірге ешкім айта алмайды. Себебі жауын-шашында асфальт төсеу тиімсіз екен.

                                                                                                                                                     Нұрлан Күдерұлы