АЖБ өкілдері: «Оңтүстікте жанармай тапшылығы жоқ»

461
Оңтүстікте жанармай тапшылығы жоқ

Оңтүстікте бензин тапшылығы жоқ. Әрі бағасы да тұрақты. Күнгейдегі АИ-92 жанармайының бүгінгі орташа бағасы — литріне 156 теңге. Өңірге сұйық отын жеткізуші компаниялар бағамды барынша ұстап тұруға тырысып жатқандарын айтып ақталды. Ал үкімет басшысының алдында тағы есеп берген Бозымбаев бензин бағасын төмендету мәселесі тек қараша айында қарастырылатынын жария етті.

Ішкі нарықты бензинмен қамтамасыз ету — мемлекет басшысының жіті бақылауында. Сондықтан болар, сұйық отын бағасы қымбат болса да бірқалыпты. Дегенмен, оны арзандату мәселесі шешілмей тұр. Үкімет басшысына есеп берген энергетика министрі бағам қараша айына дейін қымбат болатынын ашық айтты. Мұны естіген жүргізушілер жаяу жүруге бел байлап отыр.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Газпромнефть» компаниясының өңірлік басшысы бензин тапшылығына мүлдем жол бермейтіндерін жеткізді. Әрі Оңтүстік пен Жамбыл облыстарында бағам бірқалыпты тұрғанын да тілге тиек етті. Есесіне тасымалданатын жанар-жағармайдың көлемі мен күнделікті шығын есебін айтпады. Тек жүргізушілерді талон арқылы телміртпейтіндеріне уәде етті.

Ал жанар-жағармай қауымдастығының Оңтүстіктегі өкілі сұйық отынның кейбір өңірдегі тапшылығы уақытша құбылыс деп санайды. Және жыл сайын егін науқанында мың құбылатын бағам мен тапшылықтан бензинді қымбаттату арқылы құтылуға болады деп отыр.

Десе де күнгейде өзге облыстармен салыстырғанда тұрақтылық бар, бағасы да төмен. Оған қоса жанармай жетіспеушілігін болдырмау үшін облыс билігі де білек сыбана кірісіп отыр.

Ардақ Жақсылықова