Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұн өндірушілер саладағы күрделілікті айтып, дабыл қағуда. Айтуларынша, өңірге ас атасының жеткізілуі қиын жағдайға түскен. Соның салдарынан ұн бағасы шарықтап, нан қымбаттауы мүмкін деп отыр. Бүгін БАҚ өкілдерін жиып, арнайы мәлімдеме жасаған ірі компания өкілдері үкіметтен араша сұрады.
Өңірдегі ұн өндіретін ірі кәсіпорындардың басшылары Солтүстіктен бидай тасымалдай алмай отыр. Оның себебі — «Астық транс» АҚ келісім-шарттағы міндеттемелерді орындамауда дейді кәсіпкерлер. Вагон тапшылығынан өңірге бидай жеткізілмей, ұнның өндірісі тұрып қалу қаупі барын тауар өндірушілер жасырмады.
Ұн өндірілмесе, шетелге экспорт кестесі бұзылып, келісім-шарттардағы міндеттемелер орындалмайды. Бұл өз кезегінде іскерлік қарым-қатысқа кері әсерін тигізеді дейді жиналғандар.
Бұл жағдаймен облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабардар. Ал ұн өндірушілер бұл мәселе тек жоғары деңгейде, үкіметтің араласуымен шешіледі деген сенімде.