Састөбенің суы көп ауруға шипа

622

Састөбе ауылының дамуы біздің редакцияның назарындағы мәселе. Былтыр жергілікті тұрғындардың су көзін тазалауға көмек сұрайтындықтары жайлы айтқан болатынбыз. Састөбеліктердің сұранған өтініштері «Отырар» телеарнасының эфирінен көрсетілген соң мұндағы көл тазаланып, тіпті демалыс аймағының құрылысы басталып кетті.

Састөбеліктердің қуанышында шек жоқ. Қуанбай қайтсін, талайдан армандаған мәселесі шешіліп жатса?! Састөбедегі көлді тазалап, жағалауын ретке келтіріп қойыпты. Барлық шығынды жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер көтерген. Састөбеден түлеп ұшқан Тұрысбековтер әулетінің бұл игі іске қосқан үлесі ерен.

Састөбе ауылының әкімі Ерлан Күзембаев: «Жазда құм әкеп, жағалауды көріктендіретін боламыз. Көл жағасында қайықтар, балық аулау мен шомылуға арнайы орындар болады. Алда әлі талай жұмыс бар», — дейді.

Жергілікті халық Састөбедегі су қоймасын ертегідегідей деп суреттейді. Қариялар көл суы көп ауруға шипа дейді. Су қоймасының жағасына демалуға кеңестік дәуір кезінде-ақ талай елден туристер келетін. Одақ тараған соң көлдің ешкімге керегі болмай қалғандай еді. Бүгінде жағдай басқаша. Қазанның салқын күнінде ғажайып көлдің жағасына келушілер аз емес. Састөбенің суы Түлкібас ауданының талай ауылының егісін суғаруға да сеп.