Шымкент әкімдігінің шенеуніктеріне қызметтік көлік пайдалануға тыйым салынды

471
Шымкентте жыл соңына дейін пәтер иелерінің кооперативі құрылады

Шымкенттің әкімі қол астындағы қызметкерлерге қызметтік көліктерді пайдалануға тыйым салды. Бұл туралы бүгін шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен қоғамдық көлік проблемаларына байланысты өткен жиналыста белгілі болды.

— Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық… Әр талқылауда мені бұл мәселелер шешіледі деп сендірумен болды — жиналысты Шымкенттің әкімі осы сөздермен бастады. Ғабидолла Әбдірахымов жағдай өзгермегенін, қалалық әкімдікке тұрғындардан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мыңдаған шағым түсетінін айтты. — Яғни, жағдайды бақылауда ұстап тұрған жоқпыз. Ендеше, басқаша әрекет ететін боламыз, — деді қала әкімі.

Қызметтік көлікті пайдалануға 1 ай мерзімге тыйым салынады. Өкім қала әкімі, оның орынбасарларына, бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына, сондай-ақ, коммуналды мекемелер мен ұйымдардың жетекшілері қатысты. Барлық қызметтік көлік қалалық әкімдіктің көлік тұрағына қойылады. Шаһар басшысы бұған қоса қалалық әкімдіктегі жиналыстар мен кездесулерді барынша азайтуды тапсырды. Әкім өзінің орынбасарлары мен аппарат жетекшілерін телефон мен селектор секілді заманауи байланыс құралдарын белсенді қолдануға шақырды.

Мұнымен қатар Шымкенттің әкімі әкімдік жетекшілерін бір апта көлемінде жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынауды тапсырды. Олар қоғамдық көліктің жұмысындағы тәртіп бұзу фактілерін өздері де анықтауы тиіс. Әкімдік жетекшілерінің ескертулері мен жолаушылардың шағымдары арнайы құрылған комиссияға тапсырылады. Оның жұмысының қорытындысы бойынша өз міндеттерін орындамаған тасымалдаушы-компаниялармен келісім-шартты үзу туралы шешім қабылданады. Бұған қоса қоғамдық көліктегі ереже бұзуға қатысты тұрғындардың шағымы негізінде тасымалдаушылардың рейтингі жасалады. Тиісінше, шағым көп болған сайын рейтинг төмендейді.

Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі мен осы саланы бақылайтын орынбасарына осы салада тәртіп орнату үшін 8 апта уақыт берді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің сақталуы, автобустардың лық толуы, салондардың тазалығы мен жүргізуші-кондукторлардың мәдениеттілігі секілді мәселелер шешіліп, аялдамаларға ақпараттық бағыттауыштар орнатылу тиіс.

Бұған қоса Шымкенттің барлық автобустарында қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі Қуатжан Жұматаевтың фотосуреті мен оның автобустар жұмысын жақсарту жөніндегі жоспары бар ақпараттық қағаздар пайда болады.

Шымкенттің әкімі қалалық полиция басшыларына бөлек тапсырма берді. Қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің басшылары автобус жүргізушілерінің жол жүру мен жолаушылар тасымалдау ережесін сақтауын қамтамасыз етуі тиіс. Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындарынан тәртіп бұзған автобустарды тоқтататын полицейлерге түсіністікпен қарауды сұранды.

Шымкенттің әкімі бұған қоса қалалықтардан әр ереже бұзу фактісін тіркеп, тиісті фото-видео материалдарды call-орталыққа 545-545 нөмірі арқылы, +7 777 885 8513 whatsapp нөмірі арқылы және қалалық әкімдіктің Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі аккаунтына хабарлама ретінде жіберуді сұранды.