Шымкент қаласында кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмысының екінші кезеңі басталды. Осы мақсатта жыл басында қала бюджетінен 43 млн теңге бөлінген еді. Екі мердігер анықталып, көктемде шаһар сыртындағы қоқыс полигоны мен қала ішіндегі өзен-каналдар, арық-атыздарға атжалмандарға қарсы дәрі себілді. Енді күзгі маусымдық жұмысқа «Шымкент дезинфекция» мекемесінің дәрігерлері кірісіп кетіпті. Бүгін серіктестіктің дәрігерлері Қошқар ата өзенінің бойын толық дәрілеп шықты.
Кеміргіштер үшін арнайы дайындалған бидай азығының құрамында атжалмандардың ағзасына зиянды дәрі бар. Сол себепті оны жеген егеуқұйрықтар уланып өледі дейді сала мамандары. Бірақ улы азықтың үй жануарларыны залалы жоқ екен. Қағазға оралған дәрі әр 5 метр сайын тасталады. Осылайша бір айдың ішінде 5 млн 500 мың шаршы метр өзен жағалауы мен 400-ден астам қоқыс алаңшысына дәрі шашылады.
Егеуқұйрықтарды дәрілеуді биыл ветеринарлар екі кезеңмен өткізуді қолға алған. Алғашында көктемде жасалған жұмыстар айтарлықтай нәтиже берген. Канал жағалауындағы тұрғындардан түсетін шағым бірден азайыпты. Бірақ әлі де болса атжалмандар кездесетіні жасырын емес. Сол себепті дәрілеу жұмыстары күзде қайталынып жатыр. Әрине, бұл шара көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Себебі кеміргіштердің көзін бірден құрту оңай емес.
Ал қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлелерін дәрілеу жұмыстары сол пәтер иелерінің есебінен жүргізілуі тиіс. Соңғы жылдары шаһар тұрғындары бұл шараға түсіністікпен қарай бастаған. Нәтижесінде бұрын қала орталығында қаптап жүретін егеуқұйрықтар бүгінде мүлдем жойылмаса да азайғаны байқалады.
Нұрлан Күдерұлы