Оңтүстікте биыл шегірткені улау жұмысы екі есе артады

334
Шегіртке шабуыл жасай бастады

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары  276 мың гектар  жерге жүргізіледі.  Оның  59 пайызы яғни  163,5 мың гектары жер үсті агрегаттарымен, 40 пайыздан астамы авиациямен, 1 пайызға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов мәлім етті.

Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары былтырғыдан екі есе артығымен атқарылатын болады. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы жұмыс 257,58 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы күрес 12,4 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы іс-шара 5,92 мың гектарда  жүргізіледі.

– Өңделетін алқаптың 51 пайызы, яғни  140,35 мың гектары Сарыағаш ауданына тиісілі болса, 20 пайызы немесе 56,3 мың гектары Арыс қаласына тиесілі. 27,2 мың гектар Шардарада, 7 пайызға жуығы немесе 20 мың гектар Ордабасы ауданында, 8 мың гектары Бәйдібек ауданында жатыр. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарын сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 42 инспектор және 18 автокөлік бөлінеді, – дейді Нүркен Бадырақов.

Айта кетейік, 257,58 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1574,7 мың гектар  алқапта анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізу жоспарланыпты. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 58 адам бөлініп отыр. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 33 адам тартылып, барлығы 91 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, зерттеу-анықтау шараларын тыңғылықты әрі сапалы жүргізуді ескертті.

– Үйірлі шегірткеге және өзге де зиянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына аса жауапкершілікпен қарау керек. Өңдеу жұмыстарына қажетті техникаларды дер кезінде бөлу мен қажетті мамандарды бөлуді аудан және қала басшыларына тапсырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Анықтау-зерттеу жұмысын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы  бөлінетін болады. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 71 дана жер үсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қаралып отыр.

Жер үсті агрегаттарының өңдеу қуаттылығы – күніне 100 гектар. Күніне 7,1 мың гектар өңделсе, жоспарланған 163,17 мың гектарды 23 күнде аяқтауға болады. Ал Ан-2 ұшағының өңдеу қуаттылығы күніне 1,2 мың гектар.  Ұшақ күніне 6 мың гектарды өңдесе, жоспарланған 99,71 мың гектарды 17 күнде, жалпы химиялық өңдеу жүмыстары 23-25 күнде аяқталады дейді мамандар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі