Жиын-терін жағадан алып, қыс маусымына дайындық шаруасы ұйқыны қашыратын күзгі қарбалас кезінде әкімдердің де іскерлік қыры таныла түседі. Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің ай сайынғы тиімділік рейтингін жасайтын «Саясат-Monitoring» порталы басшылардың қыркүйек айындағы іскерлік қабілет-қарымы мен саяси салмағына баға берді. Дәлірегі, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен, блоггерлер мен политтехнологтардан, журналистерден құралған 27 респонденттің арасында сауалнама жүргізді. Қыркүйекте рухани жаңғыру мен латын әліпбиіне көшу науқаны да әуресі көп шаруаға айналды. Міне, сондықтан болар, жұртшылықтың ақпараттану деңгейі де әкімдердің көштегі орнына айтарлықтай әсер етті.
Барлығы 16 әкімнің қызметін тиімділік тәртібімен тізіп шыққан рейтингтің көшін Алматының әкімі Бауыржан Байбек бастаса, оның ізін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жалғады. Үшіншінің тұғырына Астананың әкімі Әсет Исекешев жайғасты. Сол 16 әкімнің рейтингінде ОҚО басшысы Ж. Түймебаев 14-орынға түсіп қалды. Ай өткен сайын орын жоғалтқан Жансейіт Қансейітұлы жаздың басы – маусым айын 7-орынмен ашқанымен, шілдеде 11 орынға төмендеп, жаздың соңы – тамызды 13-орында аяқтады.
Өткен айдағы оқиғалар ОҚО жетекшісі Ж. Түймебаевтың жауапкершілігін еселеп, маңызын арттыра түсті.
Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының жандануы, президент Н. Назарбаевтың Ташкентке мемлекеттік сапары сынды елеулі жағдаяттар шекаралас елмен арадағы әріптестікті дамытуды көздейді. Ал мұның бәрі де ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың іскерлігі мен дипломатиялық шеберлігін сынға салады. Респонденттердің сөзінше, шекаралас әріптестіктің дамуы жергілікті өнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктерін ашады. Бұл өз кезегінде екі елдің арасындағы экономикалық кооперациялардың өсу қарқынын айқындайды.
Оңтүстік әкімінің Астанадан Өзбекстанға сапарлаған ресми делегация құрамында болуы, қазақстан-өзбек бизнес-форумында Оңтүстіктен 150 бизнесменнің қатысуы тегін емес. Сондай-ақ, сарапшылар Оңтүстік Қазақстанға инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатқанын, жаңа өндіріс орындарының ашылғанын айтады. Өнеркәсіп өнімдері көлемінің аз мөлшерде болса да артқанын ескереді. Ендеше қай әкімнің қандай орынға жайғасқанын біле жүріңіз!
1 Б. Байбек Алматы
2 Б. Сапарбаев Ақтөбе облысы
3 Ә. Исекешов Астана
4 А. Баталов Алматы облысы
5 Қ. Көшербаев Қызылорда облысы
6 К. Көкірекбаев Жамбыл облысы
7 Д. Ахметов ШҚО
8 Е. Қошанов Қарағанды облысы
9 М. Мырзалин Ақмола облысы
10 А. Көлгінов БҚО
11 Е. Тоғжанов Маңғыстау облысы
12 Қ. Ақсақалов СҚО
13 Н. Ноғаев Атырау облысы
14 Ж. Түймебаев ОҚО
15 Б. Бақауов Павлодар облысы
16 А. Мұхамбетов Қостанай облысы