Депутаттар жұмысы рейтинг арқылы бағаланады

107

Шымкентте нұротандықтардың қатысуымен қалалық мәслихат депутаттар корпусының жұмысы талқыланды.

Жиында халық қалаулыларынан тұрғылықты халықпен жұмыстың нәтижесі талап етілетіндігі айтылды . Адамдар кімге жүгіну және мәселелердің қалай шешіліп жатқанынан хабардар болуы тиіс.

Депутаттарға ерекше талаптар бар. Халық қалаулылары жұмысының рейтингін енді партиялықтар ғана емес, тұрғылықты халық та бағалайды.

Партиялықтар, депутаттар халыққа жақын болуы шарт. Олай болмаса жазаға тартылуы мүмкін. Халық қалаулылары партия мен тұрғындардың сенімін ақтауы тиіс. Бұл туралы Шымкентте нұротандықтардың қатысуымен өткен қалалық мәслихат депутаттары корпусының жұмысы талқыланған жиында айтылды.

Енді халық қалаулыларының жұмысы рейтинг арқылы бағаланады. Депутаттар тұрғындар оларға тікелей жүгіне алатындай әлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс. Егер де Жарғыны өрескел бұзушылар анықталса, партиялықтар ақпарат құралдарында жария етеміз деп отыр.

Жарғыны өрескел бұзғандар әзірге болмағанымен, алайда жиналыстарға қатыспаған 4 депутат бар. Олар партиялықтарды жиынға қатыса алмайтыны туралы алдын ала ескертпеген екен. Мұндай жағдайлар алдағы уақытта орын алмауы тиіс деп есептейді НұрОтандағылар.

Көп нәрсе халық қалаулыларына байланысты дейді депутат Әйгерім Жұмағұлова. Жұмыс барысында өтініштер мен күрделі мәселелермен тұрғындар көптеп жүгінеді. Олардың бірқатарын шешуге мүмкіндік болады, алайда арасында уақытты талап ететін проблемалар да жеткілікті дейді депутат.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:  «Депутаттар әлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс деп есептеймін. Менің ойымша әлеуметтік желілер өкілетті орган өкілдерін халықпен жақындастырады. Адамдар әлеуметтік желіде өз проблемаларын, ойларын жеткізіп, келіспейтін тұстарын жеткізеді. Осыдан шынайы жағдайды көруге болады, бұл жақындастырады. Кері байланысты жүйеге қою керек, сонда диалогты тек депутаттармен ғана емес өкілетті билікпен де орнатуға болады».

Шымкент қалалық мәслихатында «НұрОтан» партиясынан 23 депутат сайланған. Олар түрлі саланың өкілдері. Құрамында БАҚ өкілдері, бизнес , медицина және де өзге бағытта жұмыс істейтін тұлғалар бар.