Түркістан қаласының тәртіп сақшылары колледж студентінен аңшы шолақ мылтығын тәркіледі. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жергілікті полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде қызмет барысында Кентау қаласының 18 жасар тұрғынының басқаруындағы «Мерседес» автокөлігін тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында полицейлер автокөлік жүргізушісінен шолақ мылтықты анықтап, тәркіледі. Өзі колледжде оқитын бозбала шолақ мылтықты Кентау қаласынан тауып алдым деп түсіндіріпті. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін күдікті қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді.
Аталған факті бойынша «Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау және алып жүру» бабына сай бірыңғай тізілімге тіркелді. Айғақты заттар тәркіленіп алынған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда полицейлер жас жігіттің қаруды қандай мақсатта алып жүргенін анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жалпы, Түркістан ҚІІБ қызметкерлері жедел және алдын алу іс-шаралары барысында 2017 жылдың басынан бері заңсыз айналымнан 16 қару тәркіленіп алды. Түркістан қаласының тұрғындарынан қару сатып алу акциясы барысында ішкі істер басқармасына 23 дана қару тапсырылды, оның ішінде 7-еуі шолақ мылтық.