Нұртас шағынауданындағы Ақсұңқар көшесінің тұрғындары жол салған мекеменің жұмысына өкпелі. Айтуларынша, көше тұрғындары осы тақтайдай тегіс жолдың төселуін бірнеше жылдан бері күткен. Алайда үміт ақталмады дейді. Көпшіліктің шағымын тыңдау үшін Қаратау ауданы әкімдігі мен құрылысқа тапсырыс беруші көлік бөлімінің мамандары келіп, мән-жайды електен өткізді.
Ені — 6, ұзындығы 2 шақырымға жуық Ақсұңқар көшесін салу жұмысы аяқтауға жақын қалды. Мердігер мекеме жолдың екі бетіне аяқжол төсеп, су ағатын қашыртқы арықтар орнатыпты. Алайда лотоққа жиналған судың барар жері жоқ дейді тұрғындар. Көше ортасынан өткен кәріз жүйелерінің құдықшалары көтерілмей қалыпты. Жолдың деңгейі бұрыңғыдан 20-30 см көтеріліп кеткен деп ашулы тұрғындар.
Көпшіліктің шағымы елеусіз қалмады, мәселенің мән-жайы анықталды. Құрылысқа тапсырыс берушілердің айтуынша, жұмыс әлі аяқталмаған. Оны тапсыру үшін кем дегенде бір ай уақыт қажет. Осы уақыт аралығында мердігер «Азия комплекс строй» ЖШС жобада көрсетілген талаптардың бәрін бұлжытпай орындаулары тиіс. Ол орындалып та жатыр екен, құрылысшылардың айтуынша, көше ойлы қырлы жерге орналасқан. Барлық тұрғынның ойынан шығу оңай емес, жобадан да ауытқуға болмайды.
Мұхтар Құлтаев: «Біз жобаға сай салдық, көше ойлы-шұңқырлы болса біз қайтеміз? Ал қашыртқы арықтың жалғасы жобада мүлдем жоқ. Осы жерде тоқтаған, кәріз құдықшалары міндетті түрде көтеріледі.»
Жалпы, биыл Шымкент қаласы бойынша 290 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін қазынадан 14 млрд теңге бөлініпті. Күн суытпай барлық қаржы игерілетін болады. Ал Ақсұңқар көшесіне келер болсақ, мердігер «Азия комплекс строй» мекемесіне тапсырыс берушілердің қоятын ешқандай кінасы жоқ. Компанияның жұмысы күн сай бақылауда екен. Одан қалса 5 жылдық кепілдемесі бар. Құрылыс жобаға сай жасалуда дейді мамандар.
Ерлан Есіркепов: «Біріншіден, тұрғындардың өздері «қызыл сызыққа» шығып алған, аяқжолдық үстінде су есептегіш қондырғыларының құтылары тұр. Көгілдір отынның жәшіктері, бағаналар қалып қойды. Ал оларды ауыстыру жобаға енбеген. Жол төсейтін мердігердің кінәсі жоқ.»
Жасыратыны жоқ, газ, су және электр бағаналарының аяқжол үстінде қалып қоюы биыл шаһарда жол салған мердігерлер үшін үлкен проблема болды. Енді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен коммуналды шаруашылық бөлімі бірлесе отырып осы мәселені шешу жолдарын қарастармақ екен. Айтуларынша, алдағы жылы бұл проблема болмайды.
Нұрлан Күдерұлы