Оңтүстікте облыстық жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде жалпы қылмыс саны 2017 жылдың 9 айында 13,6 пайызға төмендеп отыр. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеді.
Әбдіғани Тойшыұлының айтуынша, биылғы 9 айда 190 мың 641 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша 1 млрд 373 млн теңге айыппұл салынған. Бүгінгі таңда соның 47,1 пайызы өндіріліпті.
— Ерекше тоқтала кететіні — учаскелік полиция инспекторларының жұмысы. Осы уақытқа дейін олардың жеке іздестіруімен ашылған қылмыстар саны 10,7 пайызға артып отыр. Оған қоса анықталған құқық бұзушылықтар 4,3 пайызға көбейген. Учаскелік полиция инспекторлары 42 865 арыз-шағымды қарап, заңды шешімдер қабылданды, — дейді Әбдіғани Сейдуалиев.
Сондай-ақ, биыл жол-патрульдік полициясы 1074 қылмысты әшкереледі. Бұдан бөлек 205 493 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр. Қылмыскерлердің 70,5 пайызын жұмыссыздар құрайды.
Сонымен қатар биыл әкімшілік қадағалау белгіленген 31 азамат шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Ал 220 тұлға пробация қызметіне жеткізіліп, оларға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетіліпті. Айта кетерлігі, биыл жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс 18,8 пайызға өскен. Бұл көрсеткішті төмендету мақсатында өңірде «Жасөспірім», «Қадағалаусыз», «Түнгі қаладағы балалар» сынды іс-шаралар жүргізілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі