«3 миллионға жуық адамның статусы анықталмаған»

364

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы — облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығының дәрігер-лаборанты Бакира Қосбармақова.

— Бүгінгі бағдарламамызда медициналық әлеуметтік сақтандыру жөнінде әңгіме қозғайтын боламыз. Бұл жүйені 2020 жылға дейін шегергені белгілі. Өйткені бүгінде 3 млн-ға жуық адамның статусы анықталмаған. Демек осынша адам ай сайын кірістің белгілі бір мөлшерін мемлекет есебінен аударатынын да, не өздері аударатынын да білмейді екен. Сондықтан осы адамдар жоспарлы медициналық көмектен қағылуы мүмкін. Жалпы жүйе туралы айтып өтсеңіз…

— Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру көптеген елдерде қолданыста бар. Әсіресе дамыған елдерде кеңінен тараған. Германияда 19 ғасырдың аяғында канцлер Бисмарктің бастауымен енгізілген. Қазіргі таңда тек бюджеттің есебінен медицинаны ұстап тұру мүмкін емес. Әлемде сақтандырудың үш моделі бар. Біріншісі жекеменшік сақтандыру. Ол АҚШ -та қолданылған. Қазіргі күні Обама Кер атауымен аталады. Бұл сақтандыру түрі өзінің тиімсіздігін көрсетті. Өйткені американдықтар сақтандырудан қалып қойды. Медицина көп шығынға ұшырады.

— Ал біздің елімізде сақтандыру шығынға ұшыратпай ма?

— Ол жекеменшік сақтандыру болғандықтан елімізге тиімсіз. Ал екінші сақтандыру мемлекеттік сақтандыру болып табылады. Бюджет есебінен болады. Заманауи ғимараттарды ұстап тұру, заманауи құрылғыларды алу, ағзаны ауыстыру оталары өте қымбат тұрады. Оның бәріне бюджет есебінен ұстап тұру мүмкін емес. Еліміз сондықтан да үшінші модельді таңдап отыр. Ол міндетті сақтандыру болып табылады.

— Жарнадан кімдер босатылады?

— Үшінші модельдің ерекшелігіне келер болсақ мемлекет әлжуаз топтарға жарнаны өз есебінен аударады. Оған — балалар, «Алтын алқа» иелері, көп балалы аналар, мүгедектер, зейнеткерлер, үш жасқа дейінгі бала күтушілер жатады.

— Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар ММӘС қаржы аударуға міндетті ме?

— Жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлер үшін кірістен 1 пайыз, 2018 жылы бір жарым пайыз, 2020-2023 жылдары 2-2,5 пайыз аударады деп жоспарлануда.