1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай Арыс қаласында 100 орынды «Оразалы ата» және Байырқұм ауыл округінде 75 орынды «Самұрық» балабақшалары пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шарада сөз алған қала басшысы Мұрат Болатұлы барша тұрғындарды мерекемен құттықтап, бала тәрбиесі — ел өмірінде ең маңызды орын алатынын атап өтті.
— Болашағынан үміт күттірер бүлдіршіндеріміздің алтын ұясының ашылу құрметіне қатысып отырған баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, баянды ғұмыр, қажымас қайрат, күш-қуат, ырыс-несібе, молшылық тілеймін, — деп ыстық лебізін білдірді әкім.
Мемлекет басшысының еліміздің ең кішкентай азаматтарына жасаған айрықша қамқорлығы «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту болып саналады.
Аталған бағдарлама аясында қалада бүгінгі таңда 46 мектепке дейінгі ұйым жұмыс атқарып келеді. Онда 3850 бала тәрбиеленуде, яғни 80,1 пайызды құрап отыр, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында Арыста 23 жекеменшік балабақша, 10 мемлекеттік, мектеп жанынан ашылған 13 балабақша жұмыс жасауда.